Биыл Отан қорғаушы күні Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Ардагерлер туралы» заңы ардагерлер санатына кіретін адамдардың қатарын кеңейтіп, мәртебесін айқындап, оларға мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық көмегін алуға мүмкіндік беріп отыр.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар, олардың жесірлері, еңбек ардагерлері мен осы аталған санаттарға бұрыннан теңестірілгендермен бірге енді басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері және осындай ұрыстарға қатысушылардың басқа санаттары деген тұлғалар тобы да нақтыланды. Жалпы алғанда, жаңа заң Қазақстанның КСРО заманында және одан кейін шетелде әскери және басқа қызметпен жүріп зардап шеккен барлық азаматын әлеуметтік көмектен құр қалдырмауды көздейді.
Бекжан Махметов қатысқан Даманский аралындағы қарулы жанжал соғыстан кейінгі жылдардағы ең ірі шекара қақтығысы әрі КСРО мен Қытай арасындағы ең ірі шайқас болды. Қос державаның шекарасындағы дау мен оның қақтығысқа ұласуы 6 ай бойы ел тыныштығын кетірді. Шиеленіс 20 жылдан астам уақыт бойы ушығып, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барып шешілді. Қақтығыс кеңес шекара әскерінің 60-қа жуық өкілінің өмірін қиды, қарсы тараптан ондаған, кей дерек бойынша жүздеген адам өлді.
Енді мемлекет Бекжан Махметовке де әкесі Нұрман сияқты майдангерлермен тең дәрежеде әлеуметтік қамқорлық жасамақ. Ақсақал бұған риза, бірақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға деген құрмет әрдайым өлшеусіз екенін айтты.
Әкем соғыста барлаушы болған. 1941 жылы аттанып, соңына дейін шайқасты. Соғыс кезінде бір көзі көрмей қалған. Оған дәрігерлер «Ештеңе етпес, сол көзіңнің еш керегі жоқ. Сен оң көзіңмен нысанаға қарап, атасың ғой» деп қалжыңдаған екен. Сонда әкем зақымына қарамай, соңына дейін күрескен. Әкем сияқты ауыр жарақат алған қаншама батыр болды. Сол үшін қазіргі күнімізге шүкіршілік етуіміз керек, — дейді жарты ғасыр бұрынғы қарулы қақтығыстың ардагері.
Бекжан Махметовтің айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс — адамзат тарихындағы аса қанқұйлы оқиға, миллиардқа жуық адам зардап шекті, қан төгілді, балалар жетім қалды. Сұрапыл жылдары үлкен коалиция құрамында қазақ халқы да ойсырай шығын көрді. Ардагер бұл соғыста жеңіске жетуге майданға аттанған және тылда азапты еңбек еткен Қазақстан азаматтары зор үлес қосқанын кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпауы керек екенін айтты.
Майдан 40 мемлекеттің аумағында өтті. Оған 61 мемлекет, 1 миллиард 700 мың адам қатысты, 110 миллионы қару асынды. Қазақ жерінен 1 миллион 200 адам қатысып, оның жартысы үйіне оралған жоқ. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жеріне 2 миллион адам, 220 зауыт пен фабрика көшіп келді. 12 ғылыми зерттеу институты ашылды. Мұның бәрі КСРО Қорғаныс министрлігіне қызмет ететін орталық болды. Одан бөлек, 27 әскери оқу орнында офицерлер мен сержанттарды дайындады. 12 дивизия, атты әскерлердің төрт дивизиясы, жеті бригада, 50 полк жасақталды. Әскерге кеткен азаматтар Ленинградтағы, Мәскеудегі, жау басып алмақ болған басқа да қалалардағы алдыңғы шепте тұрды, — дейді ардагер.
Бүгінде Бекжан ақсақалдың бес баласы, немерелері мен шөберелері бар. Ардагердің пікірінше, Махметовтар отбасының үлкен әулетке айналғаны — Жеңіс үшін күрескен ата-бабалардың арқасы. Ол жастарды әрқашан бейбіт күнді қадірлеуге үндеді.
Әр отбасына табыс пен жақсылық тілеймін. Еліміздің әр азаматының ұлағатты көзқарасы мен ауызбіршілігі жараса берсе екен, әр азамат ұлтаралық ынтымақты, тәрбиені, намысты қастерлесе екен деймін. Жастар елімізді дамытатынына сенімдімін, — дейді Бекжан Махметов.