Жеңіс мерейтойына орай Кентауда төрт соғыс ардагеріне 1 миллион теңгеден берілген. Олардың бірі — қалаға қарасты Шаға ауылдық округінің тұрғыны Ибадулла Абдурайымов 6 мамырда 98 жасында көз жұмды.

Былтыр 10 шақты ардагерді құттықтап едік. 2 апта бұрын ғана тағы біреуінен айырылдық. Қалада ардагер қалмады. Кентауға қарасты төрт ауылдағы ардагерлердің үйіне барып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап қайттық. Амал не, Шаға ауылындағы ардагерімізге медаль таға алмадық. Біз барғанда ол кісі ауруханада жатыр еді. 6 мамырда қайтыс болды, — деді Кентау қалалық ардагерлер үйінің төрағасы Өмірбек Пукашев.

Ибадулла Абдурайымов 1942 жылы Түркістан әскери комисариатынан майданға аттанып, Мәскеу түбіндегі Бородино деревнясында соғысқа кіріскен. Кейін қоршауда қалып, 1944 жылға дейін Польшаның концлагерінде тұтқында болды. 1944 жылы Эстонияда Қызыл әскер қатарында борышын қайта жалғастырады. Үйіне оралғаннан кейін экспедитор, мақта бригадирі болып қызмет етіп, 1982 жылы зейнетке шыққан. Ақсақал «Еңбек Қызыл ту», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдерімен марапатталған.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Закир Мұсаев — Ескі Иқан ауылының тұрғыны. Ол 1944 жылы өз еркімен майданға аттанған. Соғыста екі рет жарақат алған. Жеңістен кейін 1950 жылға дейін Дрезденде күзетші болып жұмыс істеген. Елге келген соң 35 жыл есепші болып қызмет етті. 95-тегі ақсақал жастарға тілегін айтты.

Біз ашаршылықты да, соғысты да көрдік. Енді жастарға тілейтінім — амандық, бірлік. Соғыста жеңдік, Құдай қаласа, мына вирусты да жеңеміз. Еліміз тыныш болсын! Менің жасыма жетіңдер, — деді майдангер.

Шорнақ ауылында тұратын Ғани Сарамсақов соғысқа 1941 жылы аттанып, Үшінші Украина майданында 519-атқыштар полкінде шайқасты. Румыния, Венгрия, Югославия жерлерін азат етуге қатысты. Жеңістен кейін бұрынғы Сталинград, Горький қалаларында жұмыс істеді, елде халық шаруашылығын қалпына келтіруге белсенді араласты. Ақсақал қыркүйекте 98-ге келемін деп отыр. Екі қыз, бір ұлы, немере-шөбересі бар.

Зор денсаулық, бала-шағаның амандығын тілеймін. Менің жасым сендерге жұғысты болсын. Өсіп, өніңдер. Мен де 98-100-ге жетіп, шауып жүре берейін, — дейді ардагер Ғани Сарамсақов.

Ұлы Отан соғысының ардагері Ғани Сарамсақов
Соғыс ардагері Ғани Сарамсақов

Жетпіс бесінші Жеңісіне аман-есен жеткен тағы бір ардагер Бадан Төребаев Кентау іргесіндегі Майдантал ауылында тұрады. Ол 1944 жылы соғысқа кетіп, Белоруссия майданында ерекше ерлігімен көзге түскен. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдерімен марапатталған. Соғыстан кейін Кентаудағы Мырғалымсай кенішінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Бүгінде екі ұл, екі қыздан 14 немере, екі шөбере сүйіп отыр.

Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаев
Соғыс ардагері Бадан Төребаев

Кентау 1941-1945 жылдары Кеңес Одағының соғыс шарпыған аумағы мен Кеңес армиясы үшін бар керек-жарақты, шикізатты өндірген айтулы тыл болды. Майданға Ащысай мен Мырғалымсай кеніштерінен өндірілген қорғасын жөнелтіліп тұрды. Жеңістің 75 жылдығына орай Кентауда 1 300 тыл еңбеккеріне 30 мың теңдеген біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Мереке қарсаңында соғыс пен еңбек ардагерлері мерейтой медальдерімен де марапатталды.