Ақсақал Алматы облысының Қарасаз ауылында туған.
Әкем Қамыр Абиыров өте сауатты, еңбекқор, ағаштан түйін түйген шебер адам болды. Анам Жұмакүл екеуі бес баланы бағып-қақты. Соғыс басталғанда 49 жастағы әкемнің жасын кемітіп жаздырып, әскер қатарына алып кетті. Артынан «Ленинградқа келдік, ертең майдан даласына аттанамыз» деген бір жапырақ хат келді. Әкем сол күйі хабарсыз кетіп, қара қағаз алдық. 1941 жылдан 1943 жылдың маусым айына дейін колхозда соқамен егін егіп, шөп шауып, астық ордық. Орта мектепті бітіргеннен кейін мұғалімдер даярлайтын 2 айлық курста оқып, Сүмбе орталау мектебінде физика-математика пәнінен сабақ бердім. Көп ұзамай әскерге шақырту алдым. Әкемнің артынан менің де соғысқа баратыным анам мен бауырларыма оңай тимеді. Сол жылы інім соқырішектен қайтыс болды, — дейді ақсақал.
Қанатай атаны бірінші шақыртуда денесіне жара шыққан соң әскерге алмаған. Ауруы асқынып жүре алмай қалған.
Жазылған соң қайтадан тізімге алды. Бастығымыз құжаттарымызды күпәйкемнің ішіне салып, сыртынан тігіп, жоғалтып алма деп маған табыстады. Ертесі Қарасаздан 40 шақты жігіт Алматыға дейін ауыл-ауылға тоқтап, 9 күн дегенде жаяу жеттік. Үстімізде қайбір жетіскен киім бар дейсің? Аяқкиімі жыртылып, табаны ойылып, жүре алмай қалғандар болды. Алматыдан пойызбен Петропавлға, одан Семейге келдік. 2 ай соғыс қимылдары дайындығынан өтіп, 209-атқыштар полкі сарбаздары майданға аттандық, — дейді Қанатай ата.
19 жастағы жауынгер Белоруссия майданында атақты қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков басқарған полк құрамында артиллерия көздеушісі болды. Одан соң Латвия, Эстония, Польша, Германия, Украина жерлерінде шайқасты. Қанатай атаның есепке жүйрік болғаны соғыста көп көмегін тигізген.
Немістерге қарсы оқ атқанда дәлдік керек. Әйтпесе, оқ айдалаға ұшады. Снарядты көздеп, оқтың ұшу қашықтығын өлшеп, неше градусқа бұру керек екенін есептеп беретінмін. 1945 жылы Украинада жаудың ұшағы бағытын бізге қарай бұрды. Бар күшімді жинап, артиллерия қаруын ұшаққа қарай бұрдым. Ұшақ жақындағанда екі рет оқ аттым. Ұшақ отқа оранып, қалың тоғайға құлады. Сол кезде командир Василий Капиев жүгіріп келіп құшақтап, бізге төнген ажалдың бетін қайырдың деп арқамнан қақты, — дейді соғыс ардагері.
Қанатай ата Жеңісті неміс жерінде қарсы алды, бірақ соғыс бірден тоқтаған жоқ, бұдан соң жау басып алған қалаларды азат ету мен фашистердің берілмеген бөлімшелерін жою басталды.
1945 жылы Ұлы Жеңісті Грабов қаласында қарсы алдық. Соғыс аяқталған соң қаланы жаудан азат етуге қатыстым. 13 сәуірде Грабовтан 7 шақырым жердегі тоғайда жаудың бір бөлімшесі бар деген хабар келді. Біздің взводты түнде сол жерге жіберді. Шабуыл кезінде фашистердің 11-і оққа ұшты. Қалған алтауын қолға түсірдік. Біреуі неміс офицері екен. Сол жылы 24 маусымда орманды аралап жүріп, бір үйге көзіміз түсті. Ішке кірсек, неміс қызы мен шешесі отыр екен. Командир маған шатырға шығып, тексер деп тапсырды. Жау бізді сол жерде аңдып отыруы мүмкін екенін ойлап, басымдағы қалпағымды кигізіп, әуелі шатырға қызды шығардым. Бір минут та болмай, немістер қызды атып түсірді. Сол кезде бір ажалдан аман қалдым, — дейді Қанатай Қамыров.
Негізі майдангердің туған күні басқа дата болған, бірақ осы оқиғадан соң ол 24 маусымды туған күні етіп белгіледі.
Ақсақал 1946 жылы үйге оралған сәтін ерекше тебіреніспен еске алады. Ол кезде тылда жас та, кәрі де, әйелдер де күні-түні ауыр жұмыс істеп жүрді. Қанатай Қамыров соғыстан келгенде анасы ауырып жатыр екен.
Шешем мені көріп, қатты жылады. Құдайдан күні-түні үмітін үзбей, тілеуімді тілепті. «Соғыстан күйеуім келмесе келмесін, ұлым аман-есен елге оралса екен» деп күнде терезеге қарап, келетініме сенген. «Алланың құдіреті шексіз екен, сол тілегімді қабыл етті» деп қуанды. «Күйеуімнің ұрпағы бар, ал ұлым ұрпақсыз қала ма?» деп қорыққан, — дейді қария.
Қанатай ата бұдан соң ауылда мұғалімдік қызметін жалғастырды, ауыл шаруашылығы саласында да еңбек етті. Коммунизм, Киров колхоздарында басшылық қызмет атқарды. Ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болды. Қанатай Қамыров Райымбек ауданының Қақпақ ауылындағы Сулысай шатқалында жайлау мен қыстауға қатынайтын ең қолайлы әрі төте жол салғызды. 9 жерден көпір салып жасатқан 17 шақырым жол жарты ғасыр асса да, мал айдап, егін егіп, шөп таситын ауыл тұрғындарының игілігіне жарап тұр. Бүгінде бұл жолды ауыл тұрғындары «Қанатай ата шатқалы» деп атап кеткен.
Қанатай Қамыров майданда көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Жеңіс», «Ерлігі үшін» медальдерімен, «Отан» «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Бүгінде Алматы облысының құрметті азаматы. Зайыбы Нұрипа Күшмановамен 1947 жылы шаңырақ көтерген. Екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді, немере, шөбере, шөпшек сүйді. Нұрипа апа 2014 жылы қайтыс болды. Қанатай Қамыров қазір Сарыжаз ауылында тұрады.