Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев:...

Нұрсұлтан Назарбаев: Әскерді дамытуға әрдайым ерекше мән бердік

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі құттықтау мәтінін жария етті:

Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!

1992 жылы 7 мамырда мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы жарлыққа қол қойдым.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап біз еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарулы қақтығыстардың алдын алуға, Қарулы Күштерді дамыту мәселелеріне әрдайым ерекше мән бердік.

Қуатты және қабілетті армия — егемен елдің маңызды атрибутының бірі.

Қазақстан армиясы заман талабына сай қару-жарақпен жабдықталған. Тұрақты түрде оқу-жаттығу ұйымдастырылып отырады. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөліп келеміз.

Әскерилер бейбіт заманға лайық ерлік танытып, алдына қойылған барлық міндетті абыроймен атқарып жатыр. Қазіргі таңда олардың көбі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, пандемияға қарсы іс-шаралардың алдыңғы шебінде коронавирус індетімен күресіп жүр.

Қадірлі Отан қорғаушылар, туған өлкенің тыныштығын абыроймен күзетіңіздер. Жауапкершілік, әділдік пен патриотизмнің жарқын үлгісін көрсете беріңіздер.

­Біздің ортақ борышымыз — халқымыздың басты құндылықтары деп есептелетін бірлікті, тәуелсіздік пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтау.

Мерейлі мереке құтты болсын, ардақты отандастар!

Баршаңызға зор денсаулық, күш-қайрат пен бақ-береке тілеймін!

Бұған дейін Президент — ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс, құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік органдарының 100-ге жуық қызметкерін орден-медальмен наградтап, тағы бір лауазымды тұлғаға жоғары әскери және арнаулы атақ пен шен берген еді.