Жуырда Еділжан 7-класты, Сабыржан 2-класты бітірді. Анасы Роза Әшірбаева — коуч-тренер. Оның айтуынша, ұлдары бұған дейін Алматыда мұғалімдерімен, кластастарымен тіл табыса алмай, көп мектеп ауыстыруға мәжбүр болған.
Екеуінің де мінезі ерекше, интроверт. Былтыр жазда жекеменшік мектептердің біріне береміз деп шештік. Бір жылға оқу ақысы балаларға 4,5 миллион теңге шамасында болады екен. Мектепте екеуі де «үшке» оқыды. Тапсырып көріп еді, тестіден өте алмады. Оқу жылы басталарда Ресейде онлайн мектеп бар екенін естіп, мектеп әкімшілігімен сөйлестік. Ойлана келе балаларды қашықтан оқытамыз деп шештік. Құжат тапсыру еш қиын болған жоқ. Оқу ақысын төлегеннен кейін онлайн мектепке қабылдағаны туралы анықтаманы бірден жіберді, — дейді ол.
Қыркүйек айында оқушылар қашықтан оқыту платформасындағы жеке кабинеттеріне кіріп, қолдануды 10 күндей үйренген. Тоқсан басында Ресей тарихы, орыс мәдениеті мен әдебиеті сияқты пәндерден біраз қиналған.
Мектеп психологтары бастауыштағы баламызға көп көңіл бөлу керек екенін айтты. Осыны ескеріп, Ресейден тәлімгер жалдадық. Ол балалардың сабағына көмектесіп, оқу үлгерімін қадағалап, барлық ақпаратты электрон поштамызға жіберіп отырады. Бұрын екеуіне мектепте мұғалімдердің ұрсып, жекігені ұнамайтын. Біз оларды осындай күйзелістен шығаруға тырыстық. Ресейдің оқу бағдарламасын тез меңгеріп, үй тапсырмасын орындауда қиналмау үшін бір студент жігіттің көмегіне жүгіндік. Ол балаларға тек репетитор емес, аға да, дос та болып кетті. Ресейдегі тәлімгер мен Алматыдағы репетитордың қызметін қосқанда балаларымның ай сайынғы қашықтан оқуы Алматыдағы жекеменшік мектептің оқу ақысынан 4-5 есе арзан болып шықты, — дейді анасы.
Роза Әшірбаеваның айтуынша, қазір балалар жоспарлап оқу дегенді жақсы меңгеріп алды. Тапсырмаларды уақытында орындаса, бағдарламаны меңгеріп, тоқсандық бағалауда жоғары нәтижеге жетсе, демалысқа ерте шығатынын жақсы біледі.
Меніңше, мектепке барған бала сабақты мұғалімі немесе әке-шешесі үшін, солардан ұрыс естімеу үшін оқиды. Қашықтан оқығалы бар жауапкершілік өзінде екеніне балаларымның көзі жетті. Сабақтағы тапсырманы қалаған уақытында орындайды. Ал бос уақытын спортқа, ағылшын тілін үйренуге жұмсайды. Мектепте екеуі де «үшке» оқыса, қазір оқу үлгерімі жақсы. Мен балаларды тәлімгердің жіберген хатымен ғана қадағалап отырамын. Аптасына бір рет жиналып, сабаққа қатысты пікір алмасамыз. Оқу үлгерімін талқылаймыз. Мадақтау керек болса, оны айтамыз, — дейді Роза Әшірбаева.
Еділжан мен Сабыржанның өзіне де қашықтан білім алған ұнайды. Әр сабаққа шамамен 40 минут кетеді. Еділжан география пәнін, ал Сабыржан математиканы жақсы көреді. Олардың айтуынша, қашықтан оқыған кезде мектеп формасын кимейсің, ауыр сөмке арқаламайсың, сабақтағы тапсырманы емін-еркін орындайсың.
Коуч-тренер балаларын онлайн мектепке ертерек ауыстырып алғанына қуанады. Ресейдегі бұл мектеп 5-6 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Осы уақыт аралығында қашықтан оқыту жүйесінің көп проблемасы шешіліп, жетілген.
Шынын айтқанда, барлығы мінсіз. Оқу платформасында баланың сабақ кестесі, тапсырмалары, үй жұмысы, тексерілу уақыты өте жақсы ұйымдастырылған. Жүйе әлдеқашан жолға қойылған. Кедергі де жоқ. Балалар сабақты ноутбукпен, планшетпен, кейде смартфонмен де орындай береді. Бізде негізгі оқу құралы — ноутбук. А4 форматты қағаз, қалам және еңбек сабағының құрал-жабдығы. Басқа артық дүние жоқ, — дейді ол.
Еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты оқушылар қазір төртінші тоқсанды қашықтан оқып жатыр. Балалар жаңа жүйеге біртіндеп үйреніп алды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түрлі жағдайға дайын болу үшін болашақта білім беру жүйесі өзгеруге тиіс екенін айтқан еді. Мұндай ұсынысты баласын басқа мемлекеттен онлайн оқытып жүрген бір топ ата-ана әлдеқашан айтып, ведомствоға бірнеше рет хат жазған екен.
Елімізде қашықтан оқыту жүйесі бұрын болмағаны өкінішті. 2 жыл бұрын Астанадағы №22 мектепке онлайн білім беру жүйесі тәжірибе ретінде енгізілген. Соның өзі өте жақсы нәтиже берген. Сол кезде ата-аналар өзге елдердегі сияқты бізде де қашықтан оқыту жүйесін жаппай енгізуге бастама көтерді. Бұл өтініш Білім және ғылым министрлігіне жетті де. Заң бойынша әр бала орта білім алуға міндетті, бірақ оның форматы біреу — мектепке барып оқу. Басқа таңдау жоқ. Қашықтан оқытуды міндетті білім беру жүйесіне әлдеқашан қосатын уақыт болды, бірақ бұған ешкім мән берген жоқ. Өзім онлайн сабақ өткізетін маман ретінде Ресейден қашықтан оқыту жөнінде тәжірибе алуға болады деп есептеймін. Дәл осы жағдайда жаңа бірдеңе ойлап тауып, оны сынап отыратын уақыт жоқ. Қай елдің оқыту жүйесі мықты, соны өзімізге ыңғайлы етіп алуымыз керек, — дейді Роза Әшірбаева.
Еділжан мен Сабыржан келесі оқу жылы да сабақ түсінікті әрі қызық болатынына сенеді. Олардың мақсаты — сапалы білім алу. Мәскеу мектебі қашықтан оқытқанымен оқушыларға 9-класты бітірген соң емтиханды офлайн тапсыруға тура келеді. Негізгі орта білім туралы аттестат соның қорытындысы бойынша беріледі.