Екпіні секундына 15-20, тіпті 30 метрге жететін жел соғатыны хабарланған кезде қауіпсіздіктің мынадай негізгі де қарапайым ережелерін сақтау керек:

Жел күшейген кезде үйдегі немесе пәтердегі барлық терезені жақсылап жабу керек.

Балкон немесе лоджия қоршалмаған болса, ондағы сыртқа ұшып кетуі мүмкін заттарды басқа жерге алып тастау қажет. Мысалы, гүлдің ыдысы, банка, қорап, бөтелке және тағы басқа. Мұндай күндері үй бұрышындағы балкондардан ескі терезелердің жақтауымен бірге ұшып кеткен кезі болған.

Көшедегі жарнама билбордтарынан, аялдамалардан, электр желілері мен ағаштардан мүмкіндігінше алыс жүру керек. Мұндай жағдайда өте мұқият болған жөн. Теңселіп тұрған бағандар мен қабырғаларға, үзіліп, салбыраған сымдарға, құлап кетуі мүмкін басқа да нәрселерге жақындамаған жөн.

Күшті жел, дауыл кезінде адам сыртта жүрсе, дереу жақын маңдағы ғимаратқа немесе басқа да ыққа кіруі керек. Дауыл басылғанға дейін сол жерден шықпаған абзал.

Терек сияқты үлкен ағаштардың астында тұруға болмайды. Автокөлікті де биік ағаш жанына қоймау керек. Шіріген, ескі әрі жалғыз тұрған ағаш қашан да қауіпті.