Ғалымдар электрмагнит сәулелер адам ағзасына зиян екенін анықтаған. Сәуле адамның жүйке, иммун және эндокрин жүйелеріне кері әсер етеді. Оның салдарынан адам тез шаршайды, тез ашуланады, ұйқысы бұзылады, есте сақтау қабілеті мен зейіні нашарлауы мүмкін, электрмагнит өріс адам миына да жағымсыз әсер етеді.

Электрмагнит сәуле пәтерлердегі электр сымдарынан, радиотелефоннан және ұялы телефоннан, электр көлігінің сымдарынан, электр беріліс желілерінен, компьютерлерден және тұрмыстық техникадан бөлінеді, — дейді Денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының референс-зертханасының меңгерушісі Гауһар Сағатбекова.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы мамандары электрмагнит сәулелерден қорғану үшін мынадай қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді:

  1. Электрмагнит сәуле бөлетін құралдарды аз қолдану қажет. Ұялы және радиотелефонмен мүмкіндігінше аз сөйлескен жөн, сонымен бірге күні-түні компьютер, теледидар алдында отырмау керек;
  2. Токқа қосылып, істеп тұрған қысқатолқынды пешке жақын тұрмаған дұрыс;
  3. Ноутбукты тізеге қойып, отырмау керек;
  4. Жатын бөлмедегі төсекті электр сымдары мен розеткалардың қасына, сонымен қатар артында тоңазытқыш, компьютер, теледидар, электр плитасы тұрған қабырғаға қоймаған абзал;
  5. Мүмкіндік болса, ескі ұялы телефондарды, компьютерлерді және тағы басқа тозған техниканы тастау керек, себебі олар жаңа бұйымдарға қарағанда сәулені күштірек бөледі;
  6. Үтікті, шашкептіргіштерді және электр ұстараларды да аз пайдалану қажет. Бұл аспаптардың сәулеленуі белгіленген нормалардан жоғары болуы мүмкін;
  7. Музыканы үнемі құлаққап арқылы тыңдамағаныңыз дұрыс, себебі құлаққаптың кесірінен құлағыңыз зақымданып, салдарынан естімей қалуыңыз мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, сымдардың өздігінен бұралуына жол бермей, электр бұйымның ашасын розеткаға дұрыс салу керек. Сымдар шиыршықтанып, оралып қалмауға тиіс, — дейді Гауһар Сағатбекова.