Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды

Президенттің ұсынысы бойынша сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Мәулен Әшімбаевты Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы етіп бірауыздан сайлаған. Спикер сайланған отырысқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.

Мәулен Әшімбаев Президентке және Сенат депутаттарына мол сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді.

Президентіміз еліміздің алдында тұрған мақсаттарға жан-жақты тоқталып кетті. Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселе — ол, әрине, пандемиямен — дүниежүзіне тараған індетпен күресті жалғастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық мемлекеттік органның басты міндеті — төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін Елбасымыздың саясатының сабақтастығын сақтап, мемлекетімізді, экономиканы одан әрі дамытуға, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президентіміздің стратегиясын іске асыру. Қазақстан Парламенті Сенаты Мемлекет басшысының саясатын заңнамамен сапалы қамтамасыз етуге қажет барлық шараны жүзеге асырады, — деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мәулен Әшімбаев Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, Сенат депутаты болып тағайындаған еді. Мәулен Әшімбаевтың орнына Дәурен Абаев тағайындалды.

Сенатты бұған дейін Дариға Назарбаева басқарды. Президент 2 мамырда оның өкілетін тоқтатты.