3 мамыр, сағат 14.00-дегі ресми мәлімет бойынша Мақтаарал ауданында төрт елді мекенді тасқын басқаны белгілі болып отыр.

Жаңатұрмыс ауылында 46 үй, Жеңіс ауылында 130 үй, Фирдоуси ауылында 250 үй және Өргебас ауылында 194 үй су астында қалған.

Топан судан барлығы 620 үй жапа шеккен. Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуация пункті шұғыл даярланды. Бүгінде бұл жерлерге орналасқан адам саны 7000-ға жуық, — деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Эвакуацияланған тұрғындардың денсаулығын 120 медицина қызметкері тексеріп жатыр. Полиция қызметкерлері суға кеткен төрт ауылға бес блокпост қойып, тұрғындардың қауіпсіздігін бақылап отыр. Сонымен қатар Жетісай ауданына қарайтын көрші Қоғалы ауылына да мобилизация шаралары үшін 508 адам мен бес жұмылдырылды.

Облыстық штаб басшысының орынбасары Сәкен Қалқамановтың хабарлауынша, негізі ауылдардан 10 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген, бірақ 3 мыңдай адам эвакуация пунктіне бармай, туысқандарының үйіне кеткен.

Жағдай тұрақты бақылауда, барлық қажет көмек уақытылы беріліп жатыр, — деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігі.

Мақтаарал ауданы орталығындағы штаб өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі кезде 3 601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылы су астында қалғаны анықталған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі — 404 миллион теңге. Жаңажол, Еңбекші ауылдық округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көп зардап шеккен. Су астында қалған егіс алқабының 85%-і — мақта, қалғаны — жоңышқа мен жүгері. Шығын әлі есептеліп жатыр. Тасқын басылмағандықтан қырылған мал саны да белгісіз болып тұр. 

Еске салайық, 1 мамырда таңертең Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасы бөгетті жарып жіберіп, тасыды. Төңіректегі елді мекендерді су басты, төрт адам қайтыс болды, 70 мыңға жуық тұрғын құтқарылды, 50-ден астам адам ауруханаға түсті. Өзбекстан тарапы 1 мамыр күні кешкісін суқойма суы тоқтағанын хабарлаған, бірақ тасыған су еліміздің оңтүстігіндегі Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдары мен облыстық маңызы бар Мырзакент — Жеңіс — Жаңатұрмыс автожолын басып қалды. Одан кейін су Фирдоуси ауылына жетті. Шұғыл штаб су басуы мүмкін ауылдардың халқын дер кезінде қауіпсіз жерге көшірді. Мыңдаған гектар егіс алқабы мен жүздеген бас мал қырылды.