Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де хабарлады.

Өзбекстан аумағындағы Сардоба суқоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек беріліп жатыр, — деп жазды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың хабарлауынша, қазір Өзбекстан Үкіметімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру үшін бірлескен шараларды қолға алуға ниетті екенін мәлімдеген еді.

Қазір Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су шайып кеткен үйлер саны мен қырылған мал басы және егіс алқаптарына келген шығын анықталып жатыр. Бұған дейін аймақта тек төрт ауыл — Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси және Өргебас су астында қалғаны хабарланған еді.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook желісіндегі тікелей эфирде ауданда ауыл шаруашылығы дақылы егілген 3 600 гектардан астам алқапты су басқанын айтты. Топан су 620 үйді қиратқан. 10 мыңға жуық тұрғын баспанасын уақытша тастауға мәжбүр болған. Оның 7 мыңға жуығы эвакуация пункттеріне орналасқан. Полицейлер суға кеткен ауылдардағы мал-мүлікті күзетіп жатыр. Өңірге алғаш болып Жамбыл облысы 30 тонна азық-түлік пен киім-кешек тиелген үш жүк көлігін жіберді.

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті 1 мамырда жарылды. Әуелі тасқыннан Өзбекстанның Сырдария облысындағы ауылдар зардап шекті, кейін топан су Қазақстанның аумағына жетті.