Атырау облысында бірнеше тонна балық қырылды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің хабарлауынша, Каспий теңізі жақтан Жайыққа әлсіреген табан, торта сияқты балық түрлері келіп, уылдырық шашқан.

Балықтың мұндай жағдайға ұшырауына теңізден бірнеше күн қатарынан жел соғып, Приморский каналының сағаалды кеңістігіндегі батпақты шалшыққа теңіз суының толуы себеп болуы мүмкін. Батпақ суы каналға түсіп, балықтың улануына себеп болды. Балықтың негізгі массасы Жайыққа дейін жетіп, қолайлы ортада аман қалды. Қырылған балық үлгілері Атырау аумақтық ветеринария инспекциясына лабораториялық зерттеуге алынды, — деп хабарлады Сәкен Ділдахмет Facebook желісінде.

«Қазгидромет» кәсіпорнының Атырау филиалының қызметкерлері судан химиялық зерттеуге сынама алды. Қырылған балық әлі жиналып жатыр.

Бір апта бұрын осындай жағдай Ақтөбе облысында тіркелген еді. Темір ауданының орталығынан 12 шақырымдағы Жекесай суқоймасында жалпы салмағы 400 келі болатын мөңке балығы қырылды. Мамандар балық оттегі тапшылығынан өлуі мүмкін деген алдын ала болжам жасады.

Сонымен бірге өткен аптада Каспий жағалауынан бірнеше итбалықтың өлігі табылды.