Бағдат Бұрханбайұлы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы төралқасының шешімімен көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атындағы Алтын медальмен марапатталды.
Бағдат Телтаевтың ғылыми жаңалығы автомобиль жолдары саласындағы ең алғашқы ғылыми жаңалық болып саналады. Оның жаңалығында термодинамиканың қайтымсыз үрдісі мен синергетика негізінде температуралық жарықшақтары бар асфальтбетон жол жамылғысы, термодинамикалық жүйенің сыртқы әсерлерге бейімделуінің түрі болып келетін ерекше дисспативтік құрылым екендігі дәлелденген. Аталмыш заңдылық, сондай-ақ, жарықшақтар санын алдын ала болжауға және әртүрлі ауа райы мен климаттық жағдайда асфальбетон құрамын таңдау арқылы жарықшақтар санын кемітетін жобалар жасауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Бағдат Телтаев — «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлер академиясының және Халықаралық көлік академиясының академигі. Ол бұған дейін ТМД және Қазақстанның құрметті жолшысы марапаттарын иелеген.