Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, медицина мекемесінің жалпы ауданы — 7 мың шаршы метр. Оның құрылысына республика бюджетінен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Аурухана ғимаратын BI Group компаниялар тобы тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модуль блоктардан тұрғызды. Мұнда 200 науқасқа арналған орын бар, қызметкерлер мен пациенттердің қауіпсіздігі ескерілген, қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған.
Мемлекет басшысы емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көріп, мұндай типтегі алғашқы медицина мекемесін салған құрылысшыларға және азаматтардың денсаулығын сақтау үшін қажырлы еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.
Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге алғысымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қорғай алмадық. Қазір қалыптасқан төтенше жағдайды жою үшін күресіп жатырмыз. Сондықтан абай болғаныңыз жөн, ең алдымен өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда карантин режиміне қатысты жаңа әдіс қарастырылуы мүмкін екенін айтты.
Кешенді шаралар қабылдау керек. Біз посткеңестік кеңістікте қажет шараларды ең алғашқылардың бірі болып қолға алдық. Азаматтарымызға карантин режимін сақтау оңай емес екенін түсінемін, бірақ бұдан басқа жол жоқ. Қалай болғанда да осы айдың аяғына дейін карантин режимін сақтаймыз. Арғы жағын тағы да қарастырамыз. Мәселені реттеудің жаңа әдістері табылуы мүмкін. Өйткені халық біртіндеп үйінен шығуы керек, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, коронавирус жұқтырғандарды анықтау мен емдеуге арналған жаңа аурухана Алматыда да салынып жатыр.