Алматыдағы госпиталь құрылысы тарихи нысанға нұқсан келтіре ме?

Қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов салынып жатқан госпиталь жақын орналасқан қорған кешеніне әсер етпейтінін баяндады.

Қорған кешені тарих-мәдениет қорының бас жоспарына сай қорғалып отыр. Ауруханадан қорғандарға дейінгі қашықтық 150 метрден асады. Қорғандардың күзет аймағы — 50 метр. Барлық ереже сақталып отыр, — деді Алматының бас сәулетшісі.

Мәдениет басқармасының мәліметінше, жеңіл материалдардан салынатын нысан құрылысы басталар алдында Алматы қорғандарының айналасындағы қорғалатын аймақ ескерілді.

Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Арнабай Нұржанов құрылысқа қатысты жүргізілген талдаудың қорытындысын айтты.

Құрылыс жоспарымен таныстық. Аурухана аумағы түгел қоршалады. Қорғанға дейінгі шекаралық аймақ 150 метр қашықта орналасқан. Қорғандардың күзет аймағы бөлек болады. Аурухана құрылысы қорғандарға ешқандай қауіп төндірмейді, — деді Арнабай Нұржанов.

Алматы әкімінің орынбасары қорған кешенінің рекреация жоспарын жасау қажет екенін айтып, Алматы аумағында орналасқан қорған кешендерін одан әрі дамыту жөніндегі кеңес құруды ұсынды. Оның құрамына археологтар мен тарихшылар кіреді.

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында коронавирус жұқтырғандарға арналған госпиталь «Боралдай сақ қорғандары» кешені аумағына салынып жатқаны айтылған еді.

Алматы госпиталь
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

280 пациентке арналған аурухана науқастарды оқшаулаумен және емдеумен айналысады, мұнда қарқынды терапия бөлімшесі жұмыс істейді.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауруханада қызметкерлерге арнайы «таза» аймақтар белгіленеді, оның жұқпалы аурулар палаталарында бөлек желдету жүйесі болады. Қазір болашақ мекемеге медицина құрал-жабдығы алынып жатыр.

Алматы госпиталь
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Жоспар бойынша мұнда 280 медицина қызметкері жұмыс істеуі керек.

Алматыда госпиталь салу туралы шешімді ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 сәуірде шығарған.