Әлия Дүйсекбаева «Ретро FM» радиосында жаңалық жүргізеді. Ол Алматының сыртында тұрады, сол себепті карантин кезінде жұмысты қашықтан істеп жүр. Үйінде студиясы, арнайы микрофоны мен компьютері бар, бөлме шуды естіртпейтін материалмен қапталған. Сол себепті оған үйден жұмыс істеу аса қиын болмаған.

Студия болмағанда үйде жұмыс істей алмас едім. Өйткені бала-шаға бар, у-шу болады. Ал дыбыс өте тыныш жерде жазылуы керек. Үйдегі студияны жасау — кәсіби қажеттіліктен туған идея. Оның үстіне, күйеуім де радиода, телеарнада жұмыс істейді. Екеуіміз студияға кезекпен кіріп-шығамыз. «Ретро FM» радиосында жаңалықтар күні бойы болады. Эфирге жарты сағат уақыт қалғанда кейінгі шыққан ақпараттарды жинап, оны студияда жазып, радиодағы саундтарға электрон поштамен жіберемін. Олар өңдеп, эфирге шығарады. Жұмысты үйден істеу өзіме ұнап қалды. Жол жүруге уақыт кетпейді, үйде отырып істей бересің. Болашақта осылай жұмыс істей берер едім, бірақ тікелей эфирді, радио студиясындағы микрофонды, эфир басталған сәтте ON AIR деп белгі беретін қызыл шамды, әріптестерімді, бәрін-бәрін сағындым, — дейді Әлия.

Халыққа қызмет көрсету орталығының операторы Алмагүл Қабылтаева да карантин кезінде үйде отырып, тұрғындарға телефонмен кеңес беріп жүр. Жұмыс кезінде балалары мазасын алмауы үшін жаңа жұмыс орнын киімкептіргішпен қоршап, плакатқа «Не входить, мама на работе, с 09.00 до 18.30» деп жазып қойған. Бұл — күйеуі Алмастың идеясы. Өзінің айтуынша, әуеліде жұмысты үйден істеу қиын болған, қазір үйренген.

Қазір ыңғайлы бола бастаған сияқты, артықшылығы — отбасым да, өзім де қауіпсіз жердемін. Жұмыс уақытында әріптестеріммен күні бойы байланыстамыз. WhatsApp-та чатымыз бар, бір-бірімізден әрдайым көмек сұраймыз. Үйдегі жұмыс орным ыңғайлы: үйдің іші жылы, жұмыс үстелім және қажет нәрсенің бәрі бар. Карантинге байланысты күйеуім үйде отыр. Мен жұмыс істеп жатқанда балаларға, олардың сабағына қарайды, ойнатады, тамақты менен жақсы пісіреді, яғни менің жұмыс істеуіме жағдай жасап отыр. Бірақ бәрібір коронавирус пандемиясын тезірек жеңіп, барлығымыз бұрынғыдай жұмыс істесек екен деймін, — дейді Алмагүл.

Базарбек Қамысбаев — «Астана Конвеншн Бюро» компаниясының менеджері. Ол бос уақытында аудармамен айналысады, сол себепті 2 жыл бұрын үйден өзіне лайықтап жұмыс орнын дайындаған. Компьютерде көп отыратындықтан ортопедия орындығын да сатып алған. Қазір Нұр-Сұлтанда күн жылы, жұмыс үстелін балконға шығарып қойыпты. Бұл өзіне ұнайды, сыртқа көз тастап отырады, таза ауамен тыныстайды.

Базарбек Қамысбаев
Базарбек Қамысбаевтың жұмыс үстелі. Фото жеке архивінен

Мұншалықты көп уақыт үйде отырып жұмыс істеп көрмеппін. Жұмысымның артықшылығы — компьютермен бәрін бітіруге болады, бірақ үйде алаңдайтын нәрсе көп, смартфонға қарап, уақыт құртасың. Қазір ісім өнімді болуы үшін күніне белгілі бір уақытымды жұмысқа арнаймын. Сол уақытта кедергі келтіретін барлық нәрседен уақытша бас тартамын, сонда жақсы жұмыс істеймін. Қазір әйелім де жұмысты қашықтан істеп жүр. Басында жұмыс істеуге арналған үстелге таласып қалып жүрдік. Үйде бала жоқ, сонда да екеуіміз бір-бірімізге кедергі келтіріп жатамыз. Карантин біткеннен кейін де үйден жұмыс істеуге қарсы емеспін. Мемлекеттік қызметкерлерге аптасына бір күн осындай режимді енгізуге болады. Өйткені үйден шықпай-ақ, біраз шаруа бітіруге болады екен, — дейді Базарбек.

Анаргүл Исатаева «Қазақмыс» корпорациясының политехника колледжінде бас есепші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, үйінде жұмыс істеуге барлық жағдай: жұмыс үстелі, компьютер, интернет, принтер бар. Мұндай мүмкіндігі жоқ басқа қызметкерлер компьютерді жұмыстан ала алады. Анаргүл Исатаева үйден жұмыс істегелі бері уақытпен санаспайтын болған, мойны, белі ауырса, арасында жатып демалып алады. Жұмысты аяқтап үлгермесе, кешірек отырып та істей береді.

Анаргүл Исатаева
Анаргүл Исатаеваның үйдегі жұмыс үстелі. Фото жеке архивінен

Кішкентай бала болмаса, үйден жұмыс істеу ыңғайлы сияқты. Өзіме кедергі келтіретін ешкім жоқ. Қазір жанталасып жұмыс істеуге тура келіп тұр, өйткені есеп-қисаптың кезі. Декларацияның 100.00 деген формасы бар, дедлайн 31 наурызға дейін еді, бірақ ол уақытта жұмысқа баруға мүмкіндік болмады, сондықтан 30 сәуірге дейін созыпты. Осы уақытқа дейін міндетті түрде істеп үлгеруім керек. Қоластымда екі бухгалтер жұмыс істейді. Олар да жұмысын үлгеріп істеп жатыр, оны да тексеріп отыруым қажет. Олармен WhatsApp, пошта арқылы байланысып отырамын. Бухгалтерлер Timber бағдарламасы арқылы жұмыс істей береді. Үйде жұмыс істеп отырсам да, жұмыстағы компьютерім қосылып тұрады. Өйткені ол сөніп қалса, жұмыс істей алмай қаламын. Арасында өшіп қалғанда немесе есептің қағаз нұсқасы қажет болғанда жұмысқа барып келемін. Оған рұқсатым бар. Карантиннен кейін де жұмысты үйден істеуге мүмкіндік берсе, істей беруге болады, бірақ мұндай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, ұжымда жұмыс істеу — бір бөлек, — дейді ол.

Қаламқас Толымбекқызы йога студиясында сабақ береді, жаттықтырушы, психолог. Топқа да, жеке адамдарға да сабақ береді. Карантин енгізілгелі  адамдарға онлайн кеңес беруді бастады. Себебі, өзінің айтуынша, көп адам төтенше жағдай кезінде «қалай күн көреміз, ары қарай не істейміз?» деп күйзеледі. Бұдан олардың жалпы көңіл-күйі нашарлап, иммунитеті әлсірейді.

Қаламқас Толымбекқызы
Қаламқас Толымбекқызы. Фото жеке архивінен

Жұртқа пайдалы болсын деген оймен тегін сабақ, марафон өткізіп жүрмін. Мұны Instagram-дағы тікелей эфирде жүргізіп отырамын. Отбасымдағы өзге адамдармен «Мына уақытта, осы жерде тікелей эфирге шығамын, адамдармен жұмыс істеймін. Бұл бөлмеге кірмеңіздер, Wi-Fi-ды да қолданбауға тырысыңыздар» деп келісіп аламын. Жұмысты үйден істегенде басқа шаруаларым міндетті түрде қабаттасып тұрады. Үйдің шаруасы бітпейді ғой, соны істеп жүргенде жұмыс қала береді. Басында жаттығуларды эфир арқылы жасағанда жапан далада жалғыз отырғандай болдым. Өйткені ешкімді көрмейсің, студиядағыдай реакция алмаспайсың. Оларға ұнап жатыр ма, дауыс естіліп тұр ма, интернет сапасы жақсы ма деген сияқты көп сұраққа бас қатырдым. Кейін бұған да үйреніп кеттім, қазір бәрі онлайн болса да, энергетиканы сезіп отырамын. Аудиторияң кеңейеді екен, жан-жақтан ұсыныс түсе бастады. Карантин біткен соң жұмысымды осы бағытта жалғастырамын. Өйткені бұл аса қажет әрі маңызды болып қала береді, — дейді Қаламқас.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Diana Maftei)