«Күнкөріс ең басты құндылық болып қала береді»

Серік Бейсембаев. Фото жеке архивінен

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, Қазақстан қоғамы күнкөрісті алдыңғы қатарға қояды. «Дүниежүзілік құндылыққа шолу» (World Values Survey) деген үлкен жоба бар. Жоба қоғамды күнкөріс құндылығы және өз болмысын көрсету құндылығы бойынша зерттейді. 2019 жылғы зерттеу бойынша Қазақстан — халқы күнкөрістен басқаны бірінші орынға қоя алмайтын мемлекет.

«Құндылық дегеніміз — адамның не жақсы, не жаман екені туралы түсінігі. Оның негізінде адамдар күнделікті мінез-құлқын, өмір сүру салтын анықтайды. «Дүниежүзілік құндылыққа шолу» жобасының зерттеуінше, біздің қоғам әлеуметтік, экономикалық қауіпсіздікті, тұрақты табыстың болуы мен күнкөріс қамын алдыңғы орынға қояды. Бұл құндылық дамушы елдерге тән. Біз сияқты қоғам үшін жеке даралық, толеранттық пен ашықтық сияқты құндылықтар кейінгі орындарға жылжиды», — дейді әлеуметтанушы.

Елдегі экономика жақсарып, халықтың әл-ауқаты артар болса, адамдар үшін басты нәрсе күнкөрістен өз болмысын көрсетуге қарай ауысады. Серік Бейсембаевтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде ел экономикасында дағдарыс болып, халықтың тұрмысы нашарлайды. Бұл адамдарға күнкөрістен басқаны ойлауға мұрша бермейді.

Карантиннен соң біз қолда барымызды сақтап қалуға тырысамыз, қаржыға қатысты қандай да бір тәуекелге бармаймыз. Бизнес ашамын деп жүрген азамат райынан қайтып, қазіргі айлығын қанағат қыла тұруы мүмкін, — дейді Серік Бейсембаев.

Қазіргі төтенше жағдай уақытында көп адам үйінде, отбасымен бірге отыр. Біздің қоғам үшін отбасы ылғи да бірінші орында тұрған. Бұл — дәстүрлі, консерватив қоғамға тән нәрсе. Әлеуметтанушының айтуынша, біздің қоғамда жеке адамның емес, отбасы, ауыл, қала сияқты үлкен топтың мүддесі алдыңғы орынға шығады.

Қоғамның отбасын бірінші орынға қоюы бұдан кейін де өзгермейтінін көріп отырмыз, — дейді әлеуметтанушы.

Қазір халық цифр технологияларды көп пайдалана бастады. Адамдар ресми ақпаратқа балама хабарларды да оқиды, тыңдайды. Әлеуметтанушының айтуынша, бұл трендтің нәтижесінде билік сияқты ресми институттарға талап күшейеді.

«Халық кірісінің азаюы қоғамда қылмысты көбейтуі мүмкін»

Диас Құмарбеков. Фото жеке архивінен

Дүниежүзінің аналитика ұйымдары пандемия кесірінен болып жатқан экономикалық дағдарысты XX ғасыр басындағы Ұлы депрессия масштабымен теңестіріп жатыр. Экономист, AERC орталығының қолданбалы зерттеулер департаментінің жетекшісі Диас Құмарбековтің айтуынша, мемлекеттің экономикалық тұрақтылықты сақтауға арналған шараларының нәтижесі аз, экономикаға көп ақша құю тиімді емес. Оның үстіне, үй шаруашылығы тауарларын өндіру рекорд деңгейде төмендеді, зауыттарда карантин. Халықаралық валюта қоры 2020 жылы экономика қарқыны 3% бәсеңдейді деп болжап отыр.

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша биыл инфляция 9-11%-ке жетеді. Азық-түлік бағасының тұрақтануы экономиканың қаншалықты жылдам қалпына келуіне байланысты. Сұраныс ұсыныстан артып кетсе, бұл баға қысымын ұлғайтады. Ондай кезде Үкімет бағаны реттеуге әкімшілік бақылауды араластырмауы керек, әйтпесе нарықта тауар тапшылығы басталуы мүмкін. Ұсыныс сұранысты толық қанағаттандыра алмаса, тауарды жеткізу қымбаттайды. Сатушыларды бағаны ұстап тұруға немесе арзандатуға мәжбүрлесе, олар нарықтан біртіндеп кете бастайды, қайтып келу үшін жаймашуақ уақытты күтеді, — дейді Диас Құмарбеков.

Экономистің айтуынша, қазір өсіп кеткен медицина маскасы, антисептик пен медицина қолғабының бағасы карантиннен соң бұрынғы қалпына келеді. Өйткені оларға сұраныс азаяды әрі бұл тауарлардың өзіндік құны қымбат емес.

Диас Құмарбеков карантиннен соң қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлауы мүмкін екенін айтты. Себебі қазір жұмыс берушілер қызметкерлерін қысқартып немесе ақысыз демалысқа жіберіп жатыр.

42 500 теңге алуға 6,5 миллион адам өтініш берген. Бұл — жұмыс істейтін халықтың 77%-і. Сондықтан бізге қоғамдық қауіпсіздік мәселесін ойлау керек. Мемлекеттің экономикалық ахуалы нашарласа, әлеуметтік шиеленіс пен наразылық көбейеді. Ылғи солай болған. Алматыда бірнеше аптадан бері көтерме және бөлшек сауда орындарының көбі жұмыс істеп жатқан жоқ. Оның қатарында құрамына 12 базар кіретін әйгілі «Барахолка» да бар. Оның әр базарында мыңға жуық қызметкер ресми жұмыс істейді. Бейресми жұмыс істеген адамдардың нақты санын білу қиын. Базар жалғыз кіріс көзі болған халықтың қаржы жағдайы қиындап жатыр. Базардағы көп жұмысшы, жүк тиеуші мен сатушы еңбекақысын күнде алып отырған. Ол азаматтардың қазіргі шығынды өтейтін қор болмауы әбден мүмкін, — дейді экономист.

Диас Құмарбековтің пікірінше, халық кірісінің бұлай азаюы қоғамда қылмыстың көбеюіне себеп болады. 2008 жылы жаһандық дағдарыс болды. Оның салдарынан 2009 жылы халықтың кірісі 5% азайды. Сөйтіп 2011-2013 жылдары елдегі қылмыс 54% өсті. 2009-2018 жылдары қылмыс 2 есе артты. Оның ішінде орташа ауыр қылмыс 2,1 есе өсті, бірақ аса ауыр қылмыс 2 есе азайды. Экономистің айтуынша, қылмыс халық тығыз орналасқан аймақтарда көбірек болуы мүмкін.

«Киберқауіпсіздік проблемасын шешуді ойлау керек»

Олжас Сәтиев. Фото жеке архивінен

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының президенті Олжас Сәтиевтің айтуынша, төтенше жағдай режимі кезінде ақпарат қауіпсіздігі өте маңызды. Хакерлер үшін біреудің компьютерінен ақпарат ұрлауға өте ыңғайлы уақыт. Оған ұрынбау үшін кибергигиенаны сақтау керек. Компьютер программасына немесе электрон поштаға, әлеуметтік желіге келетін барлық сілтемені, хатты ашуға, әлеуметтік желіде қандай да бір пароль қалдыруға болмайды.

Қазір мемлекеттік қызметкерлер, банк қызметкерлері және өзге де маңызды сала өкілдері қашықтан жұмыс істеп жатыр. Банк қызметкерін мысалға алайық. Олар үйдегі өз компьютерлерімен жұмыс істейді. Үйге жұмыстың компьютерін берген күнде де өз Wi-Fi желісін пайдаланады. Бұған дейін банк ғимаратында олардың жұмыс операциясын банктың қауіпсіздік командасы қадағалап отыратын. Қазір ол командаға барлық қызметкердің онлайн жұмысын қадағалау қиындау. Өйткені хакерлер енді банк инфрақұрылымына емес, үйдегі интернет роутеріне, қызметкердің өз компьютеріне шабуыл жасай алады, — дейді Олжас Сәтиев.

IT маманының айтуынша, бұл жағдай шенеуніктерге де қатысты. Үйден жұмыс істеп отырған шенеуніктің мемлекеттік маңызы бар құжаты жария болып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Хакерлер мемлекеттік қызметкерлердің Zoom платформасындағы әңгімесін де тыңдай алды. Мұндай оқиғалар дүниежүзінде тіркелген.

Пандемия кәсібі интернетпен байланысты емес бизнесменнің шығынға батуы мүмкін екенін көрсетті. Өйткені қазір бизнесінің сайты бар, интернет дүкені немесе интернетте жеткізу қызметі бар кәсіп қана тірі қалады. Қалғаны уақытша «ұйқыға кетті», бірақ бизнесін интернет арқылы жүргізіп отырған адамның компьютеріне хакер шабуыл жасап, оның кәсібін тоқтатып тастауы да мүмкін. Қазіргі жағдай заңды бұзбайтын IT мамандарына жақсы табыс табуға мүмкіндік беріп отырғаны да рас. Елде «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы бар. Соған қосылып, киберқылмыскерлерге қарсы жұмыс істеп, жақсы ақша табуға болады, — дейді Олжас Сәтиев.

Пандемия интернет ресурстарын жылдам ашуға итермеледі. Олжас Сәтиевтің айтуынша, сервистер бұрынғыдай асықпай әзірленіп, қауіпсіздік коды тексеріліп жатқан жоқ. Хакерлер соны пайдаланып, базадағы ақпаратты иеленіп алуы мүмкін. Блокпостан адам өткізгені үшін ақша алғандар ұсталып жатыр. Ондай қылмысты сервис базасын алып алған хакерлер де жасауы мүмкін. Оларға әлдекімдерді жабық қалаға кіріп-шыға алатын адамдар тізіміне қосып беріп, ақша табу қиын емес. Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде халық үшін ашылған түрлі сервис адам көп кіргендіктен істен шығып жатты. Бұл да киберқауіпсіздікке жатады. Карантиннен соң осы проблеманы шешуді ойлау керек.

«Ата-ана баламен қарым-қатынасын жақсартуға көңіл бөлуі керек»

Елжас Ертайұлы. Фото жеке архивінен

Педагог, коуч-тренер Елжас Ертайұлының айтуынша, карантин — ата-ана мен бала қарым-қатынасын күшейтуге өте жақсы мүмкіндік. Ата-ана осындай оймен әрекет етер болса, баласын жақсырақ танып, арасында сезімтал байланыс орната алады. Керісінше, бұл жағдайды қосымша жауапкершілік, жүк ретінде қарастырса, қарым-қатынас ушығып кетуі мүмкін.

«Ата-ана карантиннен соң баласымен арасы суып кетпесін десе, қазіргі жағдайға барынша позитив қарауға тырысқаны жөн. Бұрын әке-шеше жұмыста болып, баласына қарауға уақыт таппайтын. Қазір уақыт жетеді. Дегенмен бала тәрбиесіне қалай араласуды білмейтін ата-ана бар. Ол кісілерге тегін онлайн курстарға қатысуға кеңес беремін. Қазір көп курс бағасын түсірді, кейбірі тегін. Карантин кезінде баламен қарым-қатынас жақсы болмаса, одан шыққан соң баланы негативтен емдеуге тура келуі мүмкін», — дейді Елжас Ертайұлы.

Педагогтың айтуынша, қашықтан білім алу көп ата-ананың онлайн технологиялардан сауаты жоғары емес екенін байқатты. Ондай ата-ана баланың сабағына көмектескен кезде осындай білместігіне ашуланып, ашуы баласына тиіп кетуі мүмкін. Карантиннен соң жаңа технологияларды үйренуге және мұғалімнің жұмысын қадірлеуге көңіл бөлу керек.