Алматыда тағы 127 медицина қызметкерінен коронавирус анықталды

Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, ауруды жаңадан жұқтырған 145 адамның 127-сі — медицина қызметкері: 104-і орталық қалалық клиникалық ауруханадан, 12-і №12 қалалық емханадан, 11-і қазір провизор болып тұрған қалалық паллиатив көмек орталығынан.

Ақ халаттылардан басқа 18 адам — бұрын вирус жұқтырған науқастармен байланыста болғандықтан карантинге жатқызылғандар.

Алматыда бүгінге дейін 88 адам коронавирустан айықты.

Қазір стационарларда барлығы 577 адам инфекциядан емделіп жатыр. Оның екеуі өте ауыр жағдайда, алтауы ауыр жағдайда, 168-інің жағдайы орташа дәрежеде.

Провизор госпитальдарда 452 адам, стационардағы карантинде 352 адам және үйдегі карантинде 9 950 адам жатыр.

Бостандық ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша №12 қалалық емхана карантинге жабылды.

Қазақстанда коронавирус барлығы 1 967 адамнан анықталды, 476 науқас жазылып шықты, 19 адам қайтыс болды.