Бас мүфтидің айтуынша, төтенше жағдайда жұқпалы аурудан сақтану мақсатында антисептик құралдарды қолдану оразаны бұзбайды.

Төтенше жағдайда денсаулықты сақтау үшін қолданылатын құралдарды шариғат қолдайды, — деді ол.

Сонымен қатар Наурызбай қажы жақын маңда тұратын туыстардың үйіне ауызашарға бармауға үндеді.

Өзіміз бен жақындарымыздың амандығы үшін карантин талаптарын орындауға шақырамын. Қазір оқшауланайық, сабыр етейік. Төтенше жағдай біткенде жақындарымызды қонаққа шақыра береміз, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты мешітте намаз оқуға шектеу қойылды. Дегенмен онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай, сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Ол үшін ҚМДБ бірнеше жобаны іске асырғалы отыр.

  • ҚМДБ Muftyat.kz сайтына «Рамазан энциклопедиясы» парақшасын қосты. Одан қасиетті ай туралы көп мағлұмат алуға болады.
  • Білікті имамдар Hikmet.tv студиясынан «30 күнге 30 уағыз» атты онлайн дәріс береді. Студия арқылы күн сайын Әзірет Сұлтан мешітінің қасында күніне бір сағат арнайы онлайн хатым оқылып, Қадір түнінде құран хатым дұғасы жасалады.
  • Muslim.kz Instagram-парақшасында имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттенген адамдар үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап әр 15 минут сайын республикалық Әзірет Сұлтан мешітінің қабырғасында «Батаменен ел көгерер» атты онлайн дұға мен батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылады.

Мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Отандастарымды мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек беруге, аузы берік адамдарға мешіттер арқылы ауызашар тағамдарын таратуға үндеймін, — деді Наурызбай қажы.

Биыл пітір садақа 370 теңге болып бекітілді. Қазіргі жағдайда оны үйден шықпай беруге болады. Мобайл қолданбаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізілді. Пітір садақа мен зекетті Halyk bank, Kaspi bank және Qiwi қолданбаларымен аударуға болады. Басқа да банктермен келіссөз жүргізіліп жатыр.

ҚМДБ белгілі бір банкті жарнамаламайды, тек төтенше жағдайда пітір садақаны үйден шықпай берудің оңтайлы жолын таңдап отыр. Әлеуметтік жағдайы келмей тұрған отбасылар пітір садақаны құрма, мейіз құнымен беруіне болады, — дейді наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Өзгенің өміріне жауапты қызмет иелері: дәрігер, ұшқыш, кенші, металлург, қауіпті жерде жұмыс істейтін құрылысшы және тағы басқа мамандар ораза ұстауға шамасы жетпесе, кейінге қалдыра алады. Сонымен қатар Қарулы Күштер соғыс жағдайына көшкенде ораза тұту әскердің қырағылығы мен жауынгерлік даярлығын әлсіретсе, оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі.

Бәріңізді Рамазан айымен құттықтаймын. Әр отбасыға бақыт пен береке, татулық пен бірлік тілеймін. Алла ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себеппен ауыз бекіте алмай қалған адамдардың қайырлы амалын қабыл еткей, — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Биыл Рамазан айы сәуірдің 24-інде басталады. Мамырдың 20-сына қараған түн — қасиетті Қадір түні.