Басты бетЖаңалықтарМемлекет төтенше...

Мемлекет төтенше жағдай кезінде халыққа қандай көмек беріп отыр?

42 500 теңге

23 наурыз күні Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық ең төменгі жалақы, яғни 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем төлей бастауды тапсырған еді. Ол кезде мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінетіні айтылды, алайда қазірдің өзінде мұндай көмекті 4 миллионға жуық азамат алып үлгерді. Алдағы уақытта олардың қатары арта түсуі де мүмкін. Себебі бүгіннің өзінде 3 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем төлеуден бас тартылғаны белгілі. Олардың арасында жұмыс істеп жүріп өтініш бергендер, шетелге түпкілікті көшіп кеткен немесе өмірден озған адамдар атынан берілген өтініштер де бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің мәліметінше, әлеуметтік төлемге өтініш берген 160 мың азамат жеке сәйкестендіру нөмірін, 800 мың адам банктегі есепшотын қате жіберген. Бастапқыда 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға, ақысыз демалысқа жіберілгендерге ғана берілуі тиіс  еді, бірақ Президент бұл тізімді кеңейтіп, оған ресми және бейресми жұмыс істегендер де қосылып отыр. Мұндай төлемге жұмыс берушісі ақысыз демалысқа жібермеген, яғни күнделікті жұмысына барып, айлығын уақытында алып жүргендер үмітті бола алмайды. Осы санаттағы азаматтар әлеуметтік төлемді қайтарғаны жөн.

Зейнетақы мен жәрдемақы 

31 наурызда республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10% индексациялауды тапсырғанын, бұл санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетінін айтқан еді. Осылайша 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 441 теңге болды. Азаматтар оны мамырдың төлемдерімен бірге алады.

Дәрігерлерге арналған үстемеақы

Коронавирус жұқтырғандарды емдеуге жұмылдырылған медицина қызметкерлері жұмысының қауіп дәрежесіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші топ — реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың жалақысына айына 850 мың теңге үстемеақы қосылады, яғни орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 1 миллион теңгеден астам ақша алады. Екінші топ — провизор стационар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың үстемақысы — айына 425 мың теңге. Орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топқа карантин стационары дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитар дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалар кіреді. Олар айына 212 мың теңге үстемақыны қосқанда шамамен 380 мың теңге алады. Медицина қызметкерлері ауырып қалған жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Қызметкер қайтыс болған жағдайда отбасына 10 миллион теңге мөлшерінде төлемақы тиесілі.

Коммунал қызмет ақысы үшін берілетін 15 мың теңге

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы 15 мың теңгеден аударып отырады. Мемлекеттік органдардың ұсынысы бұл төлем халықтың мына санатына тиесілі: І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; ҰОС ардагерлері мен соларға теңестірілген тұлғалар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; республика бойынша ең төменгі және одан да аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, жалғызбасты зейнеткерлер. Аталған санатқа кіретін азаматтар төлемді алу үшін ақпарат жүйелер немесе call-орталықтар арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтініш беруі керек.

Азық-түлік себеті немесе төрт АЕК

Елімізде төтенше жағдай жарияланғанға дейін бюджет қаражаты есебінен азық-түлік себеті 460 мың адамға берілген еді. 31 наурызда Президент оны алушылар тізімін кеңейтуді тапсырды және республикалық бюджетті кейінгі нақтылау барысында қосымша қаражат қарастырылды. Бүгінде мұндай көмек алатын адамдардың саны 1,243 миллионға жетіп отыр: көпбалалы отбасылар, барлық топтағы және жастағы мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар осы көмекті алып жатыр. Оларға барлық өңірде азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат түрінде (4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) беріліп жатыр. Сонымен бірге «Біз біргеміз» қоры мен басқа да демеуші азаматтар қиындыққа душар болған отбасыларға қолдарынан келгенше көмек беріп отыр. Қазіргі кезде акцияның екінші кезеңі басталған. Оның аясында 6 мың адамға азық-түлік себетін беру жоспарланған. Бір отбасына берілетін мұндай бір себетке 5 келі қант пен күріш, 2,5 келі печенье, 1 келі ұн, 5 келі май мен макарон өнімі, 50 медицина маскасы кіреді.

Шағын орта бизнес пен диқандарды қолдау

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлікті барлық несие бойынша негізгі қарыз бен сыйақыны төлеуден босатты. Бизнес салықтың барлық түрі мен міндетті төлемдерден де 3 ай мерзімге босатылды. Президент көктемгі егіс науқанында шаруашылықтарға пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар мен жанар-жағармай беруді тапсырды. Көктемгі егіс жұмысына бұрынғыдан шамамен 3 еседей көп қаржы бөлінді — 170 миллиард теңге. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дизель отын бағасы тоннасына 194 мың теңгеден (161 теңге/литр) 174 мың теңгеге (144 теңге/литр) дейін төмендетілді. Сәуірде жеткізуді, сақтауды және оператордың маржасын ескере отырып, баға 1 литр үшін 165 теңге болды.