Қызылорда облысында волонтерлар мұқтаждарға азық-түлік таратып жатыр

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ата-аналарының қолдауымен төтенше жағдай кезінде көмекке мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Жас зияткерлер  ұн, сүт өнімдері, жарма дақылдары, көкіністер мен  шаруашылық заттары бар көмек пакеттерін облыс орталығында тұратын жалғызбасты қарияларға жеткізді.

Бүгінгі жағдайда тағдыр тәлкегімен жалғыз қалған азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға өте қиын болып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» демекші, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуді жөн санадық. Оқушыларымыз  бен ата-аналарымыз бұл идеяны қолдап жатқандары олардың кең жүректі және өзгенің проблемаларына бей-жай қарамайтынын көрсетеді,  – дейді зияткерлік мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Бағдат Әбілов.

Бұған дейін де зияткерлердің қамқорлығына бөленіп жүрген қариялар шынайы алғысын жеткізді.

«Біз біргеміз!» деп  ұрандатқан мектеп белсенділері осы эстафетаны өзге оқушыларға жолдайды. Елдегі болып жатқан індет салдарынан қиын жағдайда қалған отбасыларға демеу болып, жақсылық жасауға шақырады.