Зейнетақы мен жәрдемақы көлемі қалай өзгерді?

Онлайн брифинг барысында департамент басшысы 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы мәлімет берді.

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 5% артты. Жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерін есептеу 46 АЕК (127 788 теңге) мөлшерінен аспауға тиіс. Оған қоса, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, әлеуметтік жәрдемақы мөлшері, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана мен бала асырап алушыға, қамқоршыға берілетін жәрдемақы, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты өсті, — деді Төреахмет Жолымбетов.

Қызылорда облысы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны — 247,4 мың адам. Төреахмет Жолымбетов бірінші және екінші тізімдердегі мемлекеттік арнайы жәрдемақы және бала тууына байланысты біржолғы төленетін жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейінгі төленетін, көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға ай сайынғы төленетін жәрдемақылар мен арнаулы жәрдемақы көлемінің айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшерін ескере отырып көбейгенін жеткізді.

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап айлық есептік көрсеткіш — 2 778 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері — 40 441 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі — 32 668 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 17 641 теңге, жалақының ең төмен мөлшері  — 42 500 теңге.