Сәкен Майғазиев
Әншінің айтуынша, стреске жиі тап болатын және ашуланшақ адамдар аты жаман ауруларға бейім келеді. Сол себепті жүйкені жұқартпау қажет, керісінше, өмірінде позитивті көбейтуі керек.
Сәкен Майғазиев онлайн концертте репертуарындағы «Бал әнім», «Асыл ана», «Сағынып жүрмін», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» сияқты әндерді, ұлы Абайдың «Көзімнің қарасын», көпшіліктің сұрауымен Игорь Крутойдың «Я люблю тебя до слез» әнін және басқа да композицияларды орындап, өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Ninety One
Қазақстандағы Q-pop музыка жанрының негізін қалаған топ мүшелері карантин кезінде халықты, әсіресе жастарды сабырлы болып, үйде отыруға үндеді. Өйткені оларда қызуқандылықтан «вирус маған жұқпайды» деген сенім болады, ал инфекция қай уақытта, қашан жұғатынын болжау қиын. Музыканттардың айтуынша, әр азамат жауапкершілікті сезінуі керек.
Ninety One тобы «Қайтадан», E.Yeah, Mooz, Bari Biled, Bayau, Men Emes және тағы басқа әндерін орындады.
Роза Рымбаева
Эстрада әншісі, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева «Карантиндегі жұлдыз» жобасында халыққа жақсы таныс әндермен бірге жаңа шығармаларды да орындады. Репертуары ауқымды әншінің концертін халық әндерімен, Абай әндерімен, Қазақстан мен Кеңес Одағы композиторларының композицияларымен көркемдеді. Алғашқы кешті жоғары бағалаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Роза Рымбаева тікелей эфирде тағы бір концерт қойды. Екі музыка кешіне де композитор Еркін Ынтықбаев пен әншінің екі ұлы — Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев қатысты.
Жұбаныш Жексенұлы
«Карантиндегі жұлдыз» жобасының алғашқы концертін Жұбаныш Жексенұлы бастаған еді. Ол — қоңыр дауысымен тыңдарман ықыласына бөленген әнші. Онлайн концертті YouTube-те 76 мыңнан астам адам көрген.
Жұбаныш Жексенұлы концертте «Шілдехана», «Нурикамал», «Ауылым», «Өкінбе сен», «Жолдар» әндерін, халық әндері мен Абай әндерін орындады.
Ғаділбек Жаңай
Ғаділбек Жаңай да — жобада алғашқылардың бірі болып концерт қойған әнші. Ол репертуарындағы «Елге сәлем», «Құпия махаббат», «Есте сақта», «Жылама, жаным» және тағы басқа әндерді шырқады. Көрерменнің сұрағына жауап беріп, карантин кезінде өзі куә болған бір-екі қайырымды іс туралы әңгімеледі. Ғаділбек кейбір әріптесі сияқты сахнадағы образы шеңберінде қалған жоқ, тікелей эфирде ойын ашық айтатын, шынайы қалпынан айнымайтын адам екенін көрсетті.
Бекболат Тілеухан
Жыршы, домбырашы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бекболат Тілеуханның 2 сағатқа жалғасқан концерті қазақтың төл классикасы — ән мен күй дәстүріне арналған теңдессіз онлайн сабақ болды. Ол академиялық музыка, ән мен күй орындау шеберлігі дәстүр ретінде адамнан адамға қалай берілетінін, халқымыз бекзат өнер деп есептейтін дәстүрлі ән үлгілері мен көне түркі дәуірінен өзіне дейінгі ұлттық музыка сарын-мақамдарының тарихын, ән-күй мектептері мен дәстүрді жалғаушы көрнекті тұлғаларға тән ерекшеліктерді әңгімеледі. Сөз еткен әр шығармасын орындап беріп, домбыра тарту мен ән айтудың түрлі мәнерін көрсетті.
Айқын Төлепберген
Айқын карантин кезінде үш жаңа ән жазғанын және болашақта оны жарыққа шығаратынын айтты. Ол репертуарына жаңа ән таңдағанда оны міндетті түрде әртүрлі көңіл-күйде 50 реттен көп тыңдайды екен. Сол кезде ғана әнді сіңіреді, сонша рет тыңдағаннан кейін көңілінен шықса, ән хит болады деп есептейді.
Айқын «Пах-пах», «Сендей ару жоқ», «Сені сағындым», «Туған жер», «Бір досың керек екен», «Алтыным» сияқты әндерін орындады.
Нұржан Керменбаев
Әнші концерт эфирінде халықтан сүйінші сұрады. Қуанышты жаңалығы — отбасы тағы бір адаммен толығып, дүниеге үшінші баласы дүниеге келіпті.
Нұржан Керменбаев концертті көңілді әуенмен бастап, репертуарындағы тыңдарманға белгілі «Қайдасың, ғашығым?», «Сенен басқа», «Есіңде ме?», «Джаз әлемі» сияқты тағы басқа әндерді айтты.
Майра Мұхамедқызы
Опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызының өнері көпшілікке ұнағанын YouTube-те жазылған комментарийлерден байқауға болады. Көрермен әншіге керемет концерт үшін, биік орындау шеберлігі үшін алғыс айтты. Майра Мұхамедқызы «Бүлдірген», «Алқоңыр», «Сәулем-ай», «Алтайдай жер қайда?» деген әндермен бірге дүниежүзінің бірнеше тіліндегі шығармаларды, белгілі арияларды орындады.
Әлішер Кәрімов
Әнші карантин кезінде жалғыз қалғанын және тамақ істеуді үйренгенін айтты, оқшау жағдайда сериал көрмей, кітап оқып жүр екен. Өйткені сериалдардағы әдемі картина мен сұлу актерлар образын шынайы өмірден алыс, алдамшы дүние деп біледі.
Әлішер Кәрімов қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, орыс тілдерінде ән айтты.
«Карантиндегі жұлдыз» — ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы бірлесе қолға алған жоба. Ол төтенше жағдай режимі кезінде азаматтардың көңіл-күйін көтеруді, халыққа бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасауды, еліміздің әралуан музыкалық мәдениетінің өкілдерін аудиториямен қауыштыруды және коронавирус жұқтырғандарды емдеумен айналысып жатқан медицина қызметкерлеріне демеу болуды көздейді. Жобаға қатысып жатқан музыканттардың дені ұлы Абайдың мерейтойына орай оның әндерін өз мәнерімен айтып жатыр.