Басты бетҚоғамМемлекет басшысы...

Мемлекет басшысы Амандық Баталовпен телефон арқылы сөйлесті

Президент облыс әкімінен өңірдің қоғамдық саяси жағдайы туралы сұрады. Амандық Баталов өңірдегі жағдай тұрақты екенін, халықтан келіп түскен сұрақтарға жедел жауап беріліп, өтініштердің шешімі жедел қарастырылатынын айтты. Бұл ретте жеке блог, БАҚ пен әлеуметтік желілердің мүмкіндігі кеңінен қолданылып жатқанын мәлімдеді. Сол сияқты бұл бағытта облыстағы жедел штаб бен call-орталығының жұмысы да белсенді жүріп жатыр.

Президенттің коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары жайлы сұрағына Амандық Баталов өңірде ең алдымен «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономика аймағын жабу қолға алынғанын, облыс бойынша бастапқыда шектеудің күшейтілген шаралары қабылданғанын, қазір карантин режиміне көшірілгенін айтты. Алғашқы кездің өзінен-ақ шекара аймақтары берік блокпостармен нығайтылғаны, әсіресе, Алматыда карантин жарияланған бастапқы уақытта Алматы әкімімен бірлесіп, қосымша блокпостар қою, блокпостарды нығайту, қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылғаны баяндалды. Бұл постардың барлығын облыстық жедел штаб мүшелері аралап, жұмыс жағдайларын көріп шыққан.

Бұдан кейін Президент халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдау шаралары туралы сұрады. Облыс әкімі өңірде құрылған қайырымдылық қоры арқылы, волонтерлардың көмегімен мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Табысынан айырылуына байланысты берілетін 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем тұрғындар үшін үлкен көмек болып отыр. Nur Otan партиясы арқылы 162 миллион теңге бөлінді. «Біргеміз, Жетісу» қорына 150 миллион теңге жиналды, тағы 100 миллион теңгені меценаттар берді.

Бұдан әрі әңгіме көктемгі дала жұмысына ойысты. Амандық Баталов биыл себілетін егістік алқабы шамамен 1 миллион гектарға жуық болатынын жеткізді. Алматы облысы басым бағыттағы дақылдар ретінде қант қызылшасы, жүгері, картоп, алма бақтарына басымдық береді.

Биыл екі қант зауытын шикізатпен өзіміз толық қамти аламыз. Былтыр қант өңдеудің нәтижелі болғанының арқасында бізде қанттың жеткілікті қоры жиналды. Бұл қазіргідей карантин жағдайында тек облыстың қажет қамтуға емес, өзге өңірлерге де көмектесуге мүмкіндік берді, — облыс әкімі.

Президенттің тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастауға орталық органдар үлкен қолдау білдірген. Егін жұмыстарын несиелеуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан несие беру, «Жетісу» ӘКК арқылы жоғары өнімділікті тұқымдар сатып алу, жеңілдікпен берілген жанар-жағармай материалдары — мемлекет тарапынан көрсетілген осы қолдаулардың барлығы өңір шаруалары үшін зор көмек болып отыр. Бұл орайда Жетісу шаруаларының ризашылығы ерекше екенін де облыс әкімі атап өтті.

Әңгімелесу барысында «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асыру жайлы да сөз болды. Облыс әкімі өңірге бұл мақсатқа 109,2 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Карта аясында 700-ден астам жоба жүзеге асып, соның нәтижесінде 23 мың жұмыс орны құрылып, облыстағы инфрақұрылымдар жақсартылады. Бұл қаржының тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталады. Өңірде 23 мектеп тұрғызылады, соның 7-еуі Карта аясында салынады. Бұл үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге үлкен көмек болмақ. Сол сияқты бес аурухана салынады. 53 елді мекенде сумен қамту, 84 ауыл абаттандырылып, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөнделеді. «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларын жүзеге асыру барысында жұмысшылардың 50%-ін жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы алу көзделген.

Мемлекет басшысының жеке қорғаныс құралдарымен қамту туралы сауалына Амандық Баталов маска тігу барлық ауданда жаппай қолға алынғанын айтты. Осы іспен шағын және орта бизнес нысандары, сонымен қатар Талдықорғандағы «Ажар», Іле ауданындағы Dolce-Pharm сияқты ірі кәсіпорындар да айналысып жатыр. Мәселен, Dolce-Pharm ЖШС күніне 150 мыңдай маска тігіп шығарып жатыр. Коронавируспен күрес шараларына тартылған медицина мамандарының барлығы қажет қорғаныс құралдарымен 100% қамтамасыз етілгенін айтты.

Әңгімелесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарын және басқа да індетпен күрес шараларын атқарушы қызметкерлерді, жалпы тұрғындарды жеке қорғаныс құралдарымен қамтудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Амандық Баталов өз кезегінде Елбасының, Президенттің берген тапсырмаларын орындауда жүйелі жұмыстар атқару жалғаса беретінін айтты.