15 сәуірде Төтенше жағдай режимі жөніндегі мемлекеттік комиссия азық-түлік пен тұрмыс бұйымдарының орнына көмек алушылардың шотына ақша аудару туралы ұсынысты мақұлдады. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы еді.
БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі дүниежүзі бойынша алынған мәліметке сүйене отырып, мемлекеттік комиссияның бұл бастамасын қолдайды.
Нашар тұрмыс адамның жауапсыз екенін білдірмейді. Төтенше жағдай кезінде ақшалай көмек берген кезде адамдар өзіне қажет нәрсені сатып алады, біз сол арқылы әр отбасына дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береміз, — дейді Артур ван Дизен.
Оның айтуынша, табысы аз көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтығының орнына қаржылай көмек берудің мынадай төрт артықшылығы бар:
- Ақша — кез келген жағдайда қажет нәрсе. Қиын кезеңде отбасына қандай тауар мен қызмет түрі керек екенін ешкім нақты айта алмайды. Үкіметтің немесе басқа адамдардың заттай көмегі ол отбасына қажетсіз болуы да мүмкін.
- Тауарды сатып алуға, оны елдің түкпір-түкпіріндегі отбасыларға жеткізуге көп шығын кетеді. Ал ақша аудару ешқандай шығын әкелмейді.
- Адамдардың қадір-қасиеті мен құқығы қорғалады.
- Жергілікті экономика дамиды. Азаматтар қаржысына жергілікті өндірушілерден азық-түлік пен қызмет түрін сатып алып, тұратын жерінің шағын және орта бизнесінің тоқтап қалмауына ықпалын тигізеді.
Төтенше жағдай кезеңінде халықтың кейбір санатына азық-түлік пен тұрмыс бұйымдары жиынтығын беру тәртібі бекітілгені бұған дейін хабарланған еді.
Бұл көмек халықтың мынадай тобына тиесілі:
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6-18 жас аралығындағы балалар;
- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрмайтын мүгедектігі бар 16 жасқа дейінгі балалар;
- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрмайтын I, II, III топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтар;
- жергілікті органға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар.
Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бері шамамен 180 мың адамға азық-түлік пен тұрмыс бұйымдары берілген.
Көмек алушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды.