Диетологтың айтуынша, карантин кезіндегі тамақтану тәртібі адамның күйзеліске қаншалық бейім екеніне байланысты. Күйзеліске бейім адам тамақты көп жеуге үйреніп кетуі мүмкін.
Күнде жаттығу залына барып үйреніп қалған адамға спортпен үйде айналысу қиындау болады, бірақ қазір басқа амал жоқ. Карантин қанша дегенмен күйзеліске ұрындыруы мүмкін, бұл кезде тамақты шамадан тыс жеуге үйреніп кетпеу үшін кез келген адамға үйде жаттығу жасаған пайдалы, — дейді Арай Әміре.
Кофені аз ішу керек
Әдетте күніне 4-5 аяқ кофе ішетін адам енді үйде оны азайтуы керек. Көп дегенде 2 аяқ кофемен шектелген дұрыс.
Кофе жүйке жүйесінің жұмысына, адамның күйзелуіне жауапты кортизол гормонын көбейтеді. Кортизол шектен тыс көбейсе, ол иммунитеттен бастап есте сақтау қабілетіне дейін әсер етеді, — дейді диетолог.
Су ішуді ұмытпау керек
Әр адам өзінің салмағын 30-ға көбейтіп, бір күнде ішетін судың нормасын шығарып алуына болады.
Мысалы, 50 келі х 30 = 1500 литр.
Майдан бас тартпаған дұрыс
Сарымайды, күнбағыс майын және тағы басқа майды нормамен қолдана беруге болады.
Көкөніс пен жемісті көп жеген жөн
С витаминіне бай аскөкті, лимонды және цитрус жемісті тұрақты жеген жөн. Қантты алмамен, яғни сахарозаны фруктозамен алмастыруға болады. Зімбір, лимон мен жалбыздың да пайдасы көп. Адамға күш береді әрі бактерияны жоятын қасиеті бар.
Зімбірдің орнына құрамында мырышы бар өнімді қолдануға болады. Ал лимонды С витаминіне бай көкөніс пен жеміс-жидек алмастыра алады, — дейді Арай Әміре.
Үрмебұршақ, жасымық, асбұршақ пен сүт тағамдарын бұрын қалай пайдалансақ, қазір де солай тұтынуға болады.
Адам үйде отырып та, денсаулығын, тамақтану әдебін қалпына келтіре алады. Карантин — пайдалы тамаққа көшуге, зиян әдеттерден арылуға оңтайлы кез, — дейді диетолог.
Тәттіні аз жеу керек
Карантин кезінде ақуызға бай тамақ жеген пайдалы. Ал көмірсудың мөлшерін азайтқан дұрыс. Көмірсу көбіне тәтті тағамда кездеседі. Сондықтан үйде жатқанда қанттан бас тарту жөнінде челлендж ұйымдастыруға болады.
Қантты аз жейтін адамның тәбеті жиі ашыла бермейді әрі бұдан ағзасы тазарады, — дейді Арай Әміре.
Жұмысқа бармаған кезде адам әдеттегіден аз энергия жұмсайды. Мұндай режимге үйренген адамдар үйде де көп қозғалмауы мүмкін. Сондықтан тамақты күндегіден аз жеген дұрыс.
Күніне екі рет жүрек жалғайтын адам оның орнына енді түймедақ, итмұрын, каркаде демдеп ішуіне болады, — дейді диетолог.
Фастфудтан бас тартқан дұрыс
Тамақтанып отырғанда теледидар көруге, гаджетке қарауға болмайды. Бұдан тамақтану нормасы бұзылуы мүмкін. Фастфуд пен жартылай дайын өнімнен бас тартқан жөн.
Үйде кез келген тағамды өзіңіз дайындай аласыз. Майға қуырмай, буға пісіруге болады. Ағзаңыз дұрыс, пайдалы тамаққа үйренеді. Балалардың фастфуд пен тәттіні көп жеп қоймауын қадағалау керек, — дейді диетолог.