Ғалымның айтуынша, жұқпалы аурулардан қорғану үшін адамның рационында жеміс-жидек пен көкөніс болуы керек, бірақ оның әрқайсы ағзаға түрліше әсер етуі мүмкін.
Тағам өнімдеріне бағдаршам деп қарайтын болсақ, олар жасыл, қызыл, сары түсті болып бөлінеді. Осылардың ішінде жасыл өнімдерді көп қолданған ағзаға анағұрлым пайдалы. Әрбір жеміс минерал заттар мен витаминдерге өте бай. Барлық өнім ағзаға күн сайын бір-біріне тең мөлшерде түсіп отыруы қажет. Мысалы, сәбіз А витаминіне, алма мен қырыққабат С витаминіне бай. Өріктің құрамында кальций мен натрий жеткілікті. Тағы бір жемістің құрамында А және В тобының витаминдері, минерал заттар, калий, фосфор болуы мүмкін, — дейді дәрігер.
Ерболат Дәленовтің айтуынша, қырыққабаттың құрамында асқазан-ішек сөлі ферменттерін белсендіретін зат бар. Олар «тағам талшықтары» деп аталады. Тағам талшықтарындағы абсорбенттер мен энтероабсорбенттер ағзадағы зиян заттарды, токсиндерді тезірек сыртқа шығарады, сондықтан қырыққабатты жиі жеу адамның иммун қабілетін арттырып, ауырған кезде жылдам жазылуына ықпал етеді.
Қырыққабат пен сәбізді салат қылып жегенде де, шикілей жегенде де витаминдері сол күйі сақталады. Жалпы, көкөніс пен жеміс-жидекті құрамындағы витамині сақталуы үшін көбіне шикілей жеген дұрыс. Бұқтырып жеген де жақсы, — дейді ғалым.
Картопты ботқа қылып немесе бұқтырып жеген жөн. Ол қуырылған кезде құрамындағы ағзаға зиян заттарынан айырылады. Сондықтан адамға қуырылған картоптың пайдасы көп. Картоп құрамында крахмалдан басқа да пайдалы заттар бар.
Дәрігердің айтуынша, дені сау ересек адамдар тәулігіне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидек жеуі керек. Ересек адам мен баланың витаминдерге мұқтаждығы әртүрлі, балалар ағзасына кей витамин көп қажет болса, сол витамин ересектерге, керісінше, тым көп керек болмауы мүмкін.
Балалар ағзасының өзі жас шамасына қарай витаминді түрлі деңгейде талап етеді: сәбилерге, 3 жасқа дейінгі балаларға, балабақша жасындағылар мен мектеп жасындағыларға қажет витамин мөлшері әртүрлі. Балаға қай витамин жетпейтінін дәрігерлер қан құрамына қарай анықтап береді.
Дұрыс тамақтанудың тәртібі мен негізгі қағидасын білу керек. Тамақты тәулігіне араға 3 сағаттай уақыт салып бес рет, қатты тоймай ішкен жөн. Бес рет тамақтану дегенде міндетті түрде бірінші, екінші, үшінші тағам болуы шарт емес. Көкөніс, жеміс жеп, сүт қышқылы бар өнім, айран, йогурт ішуге болады, — дейді Ерболат Дәленов.
Дәрігердің айтуынша, дені сау адамдар тәулігіне 1,5-2 литр су ішуі керек. Таңертең ұйқыдан тұрған соң таңғы астан жарты сағат бұрын асықпай бір стақан жылы су ішсе, асқазан тағам қабылдауға дайын болады да, бұдан ас ағзаға тезірек сіңіп, токсиндер сыртқа жақсы шығады.
Кешкісін тамақты ұйқыға жатардан 3 сағат бұрын ішу керек және ол кезде ет, ұн өнімдері сияқты ауыр тағам жемеген дұрыс. Жалпы, түстен кейін көбіне көкөніс пен жеміс-жидек жеген пайдалырақ.
Ой еңбегімен айналысатын адамдар жарма түрлерін көп жегені дұрыс, ал дене еңбегімен айналысатын қызметкерлер ақуызға бай тағам жеуі керек. Түнде ұйқыға жатар алдында қарын ашса, бір түйір алма, басқа жеміс не көкөніс түрін жеуге немесе 200 миллилитр айран ішіп алуға болады, — дейді медицина ғылымдарының докторы.