Үрлеу, есептеу, сызу

Балалар нейропсихологы Назгина Абдурахманованың айтуынша, қазір балалар таза ауаға шықпай отырғандықтан үйде олардың дұрыс тынысалуына көңіл бөлу қажет. Мұндай кезде тынысалуды жақсартатын ойындар ойнаған пайдалы. Ол жүйке жүйесінің, мидың белсенділігін арттырады. Әуелі терезені ашып, үй ішін желдетіп алу керек. Содан кейін баланың ми жұмысына пайдалы тынысалу жаттығуларын жасау керек.

Балалар сабын көбігін үрлеп ойнағанды жақсы көреді. Мұндай мүмкіндік болмаса, мақтадан домалақ жасап, соны бір жерден екінші жерге үрлеп жеткізуді тапсырыңыз. Үйде мақта болмаса, мақта дискісін алақанға салып, соны үрлеп ұшырсын. Сонымен қатар қағаздан түрлі жәндік жасап, оны үрлеп жылжытуға болады. Ойынды одан әрі түрлендіру ата-ананың фантазиясына байланысты, — дейді Назгина Абдурахманова.

Үйде баланың басқа да қабілетін дамытуға болады. Мысалы, әлі мектепке бармаған бала мен 1-класс оқушысының есепке қабілетін жетілдіру үшін ас бөлмесі — таптырмас орын. Себебі онда санауға болатын зат көп. Балаға санауды үйрету үшін үйдегі адамдарға қанша кесе керек екенін, тоңазытқыштан қанша алма алу керек екенін айтып, жұмсап отыру керек.

Назгина Абдурахманова
Назгина Абдурахманова. Фото жеке архивінен

Нейропсихологтың айтуынша, сонымен бірге торкөз дәптерге графика диктантын (торкөз бойын сызып сурет салу) жазу  да — пайдалы ойын. Ол баланың зейінін дамытады.

Торкөз дәптерге графика диктантын жазып отырған бала қай бағытқа баратынын, қанша тор бар екенін, қай жерде тоқтайтынын ойластырады. Осының бәрі оған өзін-өзі бақылауды үйретеді. Графика диктанты мектепке дейінгі баланың қалам ұстап, жаза алуына ықпал етеді. Балаға нақты бір сурет салу қиын болса, төмендегі суреттегідей жануардың жартысын салып беріңіз. Бала әрі қарай жалғастырып, аяқтасын, — дейді нейропсихолог.

Мысықтың суреті

Ертегі, танграм, геоконт

Балабақша тәрбиешісі Жұлдыз Дауымшарованың айтуынша, карантин — ата-анаға баласының түрлі қабілетін тануға оңтайлы кез. Бұған дейін оны таңертең балабақшаға апарып, кешке алып қайтып жүрген біраз ата-ана баласының мінезін, қылығын біле бермейтін еді. Енді тәулік бойы оның қалай сөйлейтінін, мінезін, не нәрсеге епсіз, не нәрсеге ерекше қызығатынын көріп, зерттей алады.

Балабақшаның тәртібіне үйренген баланың үйде отыруы мұң. Олар күнде хабарласып, іші пысып жатқанын айтып, тапсырма беруді сұрайды. Одан қалса, ата-ана да балам үйренгенін ұмытып қала ма деп алаңдайды. Сондықтан мектеп мұғалімдері сияқты біз де қашықтан тапсырма беріп жүрміз, — дейді тәрбиеші.

Жұлдыз Даумшарова
Жұлдыз Дауымшарова. Фото жеке архивінен

Тәрбиешінің айтуынша, баланың ой-өрісін дамытатын таптырмас құрал — ертегі. Үйде қолы бос адам кішкентай балаға кез келген жанрдағы ертегіні оқып немесе айтып берсе, ол өзі де ертегі шығаруға талпынады. Оның үстіне, қазір баланы ерекше қызықтыратын 3D кітаптар бар. Интернеттен аудиоертегілерді тыңдатуға да болады. Жасына лайық әндерді де жаттата берген дұрыс. Мұның бәрі енді қалыптасып жатқан бүлдіршіннің шығармашылық қабілетін дамытады.

Ертегімен бірге баланың ойлау қабілетіне пайдалы танграм басқатырғышы мен геоконт ойынын ұсынар едім. Геоконтты математика тақтасы деп те атайды. Әрине, мұндай ойындарды сатып алуға бәрінің жағдайы келе бермеуі мүмкін, бірақ бұл екеуін де қолдан жасап алуға болады, — дейді Жұлдыз Дауымшарова.

Геоконт
Фото: Doshkolnik39.ru

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!