Дислексиясы бар бала мәтінді жай, буындап, буындардың орнын ауыстырып оқиды. Ол мәтінде жоқ сөзді ойдан шығаруы, жазылуы ұқсас әріптерді шатастыруы мүмкін, тіпті оқыған нәрсесінің мағынасын түсінбей, оны қайталап айтып беруден қиналады. Дислексия баланың сағат тілін, бағдарды үйренуіне, оқиғаны, кеңістікті басқаларша қабылдауына кесірін тигізеді. Мұндай ауытқуы байқалған бала уақытты, жыл мезгілі мен оның ретін түсінбейді. Көбіне сабақ үлгерімі жағынан қатарластарынан кемінде 2 жылға қалып қояды.

Дислексияға тап болған балаға текст оқу, түсіну қандай қиын екенін сезу үшін кітапты төңкеріп, оны айнадан оқып көріңіз. Бұл — дислексияға тап болған баланың жағдайын білу үшін ұсынылатын тәсіл. Дислексия психикалық ауру емес. Ол адамның интеллект жағынан жетілуінің төмендігін білдірмейді. Дислексия мидың белгілі бір бөлігінің жеткіліксіз жұмыс істеуінен болады, — дейді балалар нейропсихологы Назгина Абдурахманова.

Мұндай балалар әдетте алаңғасар, сотқар, тіл алмайтын болып көрінеді. Оқу үлгерімінің нашарлығынан және айналасындағылардың келеке етуі олардың бойында агрессияны қалыптастырады. Маманның көмегіне жүгінбесе, ата-анасынан қолдау көрмесе, бала өзгелермен тіл табысуы қиын жасөспірімге айналады.

Ата-ана баласының оқу мен жазуда қиналатынын сезсе, нейропсихолог немесе дефектологтың көмегіне жүгінуі керек. Мамандар балада дислексияның қандай түрі бар екенін анықтап, әрі қарай жұмыс істейді. Бірақ ең бірінші көмекті бала ата-анасынан күтетінін ұмытпаңыз. Өкінішке қарай, біраз ата-ана баланың жазу мен оқуға епсіздігін, ерекше белсенді болуын сабақ оқудан қашу деп ойлайды, — дейді маман.

Бала әріпті жаттаудан қиналғанда онымен бірге әріпті пластилинмен құрастырып немесе түрлі бояумен үлкен етіп жазып көру керек. Ақпаратты үнемі ойынмен, шығармашылықпен жеткізу жақсы көмектеседі.

Баланың ақпаратты қалай жақсы қабылдайтынын байқап отырыңыз. Егер ол естігенін тез жаттап алатын болса, әріп, сөз, жазу туралы тақпақ жаттатыңыз. Бұдан бала әріпті, оның қалай жазылатынын жақсы есте сақтайды, — дейді Назгина Абдурахманова.

Оқу-жазудан қиналатын бала басқа нәрсеге аса қабілетті болуы мүмкін. Мысалы, сурет салуға, музыкалық аспапта ойнауға немесе спортқа.

Дислексияға ұшыраған баланы ерекше қолдаңыз әрі басқа не нәрсеге қабілеті бар екенін жіті бақылаңыз. Оған оқуды күштеп үйретпеген жөн, — дейді балалар нейропсихологы.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©RedWood Studio)