Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды.
4 сәуірден бастап мына азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленді:
2) бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді);
3) түтік кеспе макароны (өлшеп салынатын);
4) қарақұмық жармасы (дән, өлшеп салынатын);
5) тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеп салынатын);
6) сиыр еті (жауырын-төстің сүйекті бөлігі);
7) тауық жұмыртқасы (I санатты);
8) күнбағыс майы;
9) ас тұзы (экстрадан басқа).
Наурыз айындағы талдау нәтижесінде бұл өнімдер Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын азық-түлік екені анықталды. Жылдың басынан бері осы азық-түлік түрлері қымбаттаған.
Әр өңірде шекті баға жеке-жеке белгіленді.
Нұр-Сұлтанда бірінші сортты ұн нанының 1 келісі 150 теңгеден, Алматыда 146 теңгеден, Шымкенттен 146 теңгеден аспауы керек.
Маңғыстау облысында нанның келісі 164 теңге, Ақтөбе облысында 147, Атырау облысында 164, Ақмола облысында 160, Қостанай облысында 139, Қызылорда облысында 143, Батыс Қазақстан облысында 160, Шығыс Қазақстан облысында 150, Павлодар облысында 161, Солтүстік Қазақстан облысында 120, Алматы облысында 144, Жамбыл облысында 138, Түркістан облысында 148 теңге болуы керек.
Қарағанды облысында шекті баға елді мекендерге байланысты белгіленген. Онда 1 келі нанның құны ажыратылады: 142 теңгеден 160 теңгеге дейін.
Бір бөлке нанның (кірпіш) салмағы — 550 грамм. Сол себепті бөлкенің (кірпіштің) құны Нұр-Сұлтанда 82,5 теңгеден, Алматы мен Шымкентте 80,3 теңгеден аспауға тиіс.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті бөлшек саудада шекті бағадан асырып сатқандарға 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл салынады.
Сауда және интеграция министрлігі BTS компаниясымен бірге карантин кезеңіндегі тауар қауіпсіздігі платформасын әзірледі — Dosmart.kz. Платформа азық-түлік бағасын онлайн мониторингілеуге және әрбір өңірдегі азық-түлік қоры туралы мәліметті көруге мүмкіндік береді. Ресурсқа жергілікті атқарушы органдар да, өндірушілер де, көтерме саудагерлер мен ритейлерлер де, қарапайым тұрғындар да дерек енгізе алады.