Такир Балықбаев: Ең бастысы — оқытушы мен студенттің өмірін қорғау

Ректордың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі коронавирус инфекциясымен күрестің мемлекет деңгейіндегі  шараларының сәтті жалғасы болды.

Мемлекетіміз вирустың одан әрі тарамауы үшін дер кезінде қатаң шараларды қолға алды. Соның бірі — мектеп оқушыларын, университет, колледж студенттерін қашықтан оқыту. Қазір Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті студенттері түгел қашықтан білім алып жатыр. Университет жатақханаларында шетелден келіп, білім алып жүрген 47 студент қана қалды. Коронавирус пандемиясына байланысты дүниежүзінде шектеу енгізілгендіктен олар өз еліне қайта алмады, — дейді ол.

Бұл қиын кезеңде адам өмірін қорғау, соның ішінде білім мен ғылым саласындағы адам капиталын сақтау — аса маңызды міндет. Такир Балықбаев осы тұрғыдан қашықтан оқыту жоғары білім саласына зор мүмкіндік беріп отыр деп есептейді. Ең бастысы — ол коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатуға ықпал етпек.

Қашықтан оқу процесі бұған дейін де қолданылып келді, бірақ еліміздегі жоғары оқу орындары болсын, колледждер болсын барлық студентке осы  әдіспен бір уақытта сабақ жүргізбеген еді. Аз уақытта университетіміздегі барлық жүйенің мүмкіндігін пайдаланып, қашықтан оқытуды бастадық. Univer және Moddle жүйелерін қолданып отырмыз. Сонымен бірге студенттерімізге видеолекция, онлайн конференция мен вебинар да өткізіп жүрміз. Оқытушылар мен студенттер қашықтан оқытуға тез бейімделе алды. Енді алдағы аптадан бастап мектеп оқушылары қашықтан оқуды бастайды. Олар да бұл жүйеге үйреніп кетеді деп сенемін. Бұл шара білім беру жүйесіне көп мүмкіндік берді, біз үшін ең бастысы оқытушы мен студенттің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау болып тұр, — дейді академик.

Ұлттық педагогика университетінің басшысы мемлекеттің төтенше жағдай кезеңінде табыссыз қалғандарға жасаған қамқорлығын жоғары бағалады.

Төтенше жағдай мен жалпыұлттық карантин кезінде әуелі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жұмысынан айырылғандар мен зейнеткерлерге қиын болды. Сол себепті қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындау, зейнетақыны көтеру сияқты басқа да шаралар әлеуметтің осы тобына үлкен қолдау болды деп ойлаймын. Сонымен бірге мемлекетіміз шағын және орта бизнеске де көп қолдау көрсетіп отыр. Коронавируспен күреске қазына қаржысынан 10 миллиард доллардан көп қаржы бөлініпті. Бұл қаражат осы індеттен халқымыздың аман шығуына, одан кейінгі экономикамыздың көтерілуіне де әсер етеді деп сенемін, — дейді Такир Балықбаев.

Оның айтуынша, қазір дүниежүзі елдерімен бірге Қазақстан халқы да бұл вирустың аса қауіпті екенін түсінді. Соған байланысты ел халқы қауіпсіздік шараларын барынша сақтап отыр.

Осы вирустан Планетамыздың кішкентай ғана екенін түсіндік. Неге десеңіз, коронавирус инфекциясы дүниежүзі елдеріне түгел тарады және оның шешімін табу үшін елдер өзара бірігіп отыр. Осы кезеңде әр адам әуелі өз қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлауы керек. Сонда ғана оның отбасы мен жақындары да бұл індеттен аулақ болады. Жақсы күннің бәрі алда. Өз денсаулығыңызға көңіл бөлмесеңіз, онда оған ешкім кепілдік бермейді, — дейді Такир Балықбаев.