«Тұмау» (Flu)
Драма жанрындағы бұл фильм 2013 жылы жарыққа шықты. Режиссеры — Ким Сон Су. Басты рольдерде Чжан Хек, Су Э, Ю Хэ Чжин ойнайды.
Сеулдың полиция қызметкерлері қала маңынан мигранттардың мәйітін тауып алады, олардың арасында бір адам аман қалыпты. Бұлар аса қаупті вирус жұқтырған болып шығады. Індет ә дегеннен бүкіл қалаға тарап үлгереді. Вирус жұқтырғандардың саны сағат сайын көбейеді, ауруханаларда орын жетпейді, көп адам қайтыс болады. Мұндай жұқпалы ауру ғалымдарға бұрын-соңды мәлім болмаған, сол себепті оның қоздырғышына қарсы вакцина ойлап табу да аса қиын міндетке айналады…
«Жұқтыру» (Contagion)
Режиссер Стивен Содербергтің «Жұқтыру» фильмі 2011 жылы шықты. Фильм сюжетіндегі вирустың тарауы мен қоғамның жай-күйі коронавирус пандемиясына қатысты ахуалға ұқсас. Басты рольдерде Мэтт Деймон, Джуд Лоу мен Гвинет Пэлтроу ойнайды.
Фильмде жаңа вирус жарқанаттан шошқаға, шошқадан адамға жұғады. Дәл осы инфекцияны басты кейіпкерлердің бірі АҚШ азаматы Бэт Эмхофф Гонконгтағы іссапары кезінде жұқтырып алады. Ол үйіне оралғанда жағдайы нашарлайды, бірақ оның себебі екі ел арасындағы уақыт белдеуіне байланысты деп ойлайды. 2 күннен кейін ол жедел жәрдем бөлімінде қайтыс болады. Дәрігерлер Бэттың күйеуі Томасқа әйелінің неден өлгені белгісіз екенін айтады. Томас ауруханадан үйге келгенде ұлынан да айырылып қалғанын біледі. Сол кезде ғана дәрігерлер мен Томас марқұмдардың жаңа вирустан қайтыс болғанын түсінеді. Томастың ендігі мақсаты — инфекцияның емі табылғанша аман қалған жалғыз қызын қорғап қалу.
«Эпидемия» (Еpidemic)
Фантастика жанрындағы «Эпидемия» фильмі 2013 жылы түсірілген (Испания, Франция). Картинаның режиссеры — ағайынды Давид пен Алекс Пасторлар. Басты рольдерде Ким Гутьеррес, Хосе Коронадо, Марта Этура және басқалар ойнайды.
Сюжет желісі бойынша Жер шарына агорафобия жұқпалы ауру ретінде тарайды. Агорафобия — ашық кеңістіктен қорқу. Адамдар аман қалу үшін ғимараттың ішіне, үйге, жертөлеге жасырынады. Індет кенет пайда болған кезде басты кейіпкер Марк жұмыста еді. Оны үйінде айы-күні жеткен әйелі күтіп отыр. Марк тез арада әйелінің жанына барғысы келеді, бірақ сыртқа шығуға батылы жетпейді…
«Ауру таратушылар» (Carriers)
Ағайынды Пасторлардың эпидемия туралы тағы бір картинасы «Ауру таратушылар» деп аталады. Фильм 2009 жылы экранға шықты. Басты рольдерде Лой Пуччи, Крис Пайн, Пайпер Перабо және Эмили Вайнкэмп ойнайды.
Адамзат ортасына ауа тамшылары арқылы жұғатын жаңа инфекция тарады. Салдарынан көп адам қайтыс болып жатыр. Ғалымдар вирусқа қарсы вакцина таба алмай әлек. Фильмнің төрт басты кейіпкері — жақын достар. Олар вирустан аман қалуға болатын жерді естіп, қаладан сол жаққа қашуға тырысады. Жолға шығар алдында төртеуі вирустан сақтану үшін бетперде тағу, қолғап кию, дезинфекцияланбаған жерді ұстамау және басқа адамдармен сөйлеспеу сияқты ережелерді ұстануға келіседі, бірақ оларға кезіккен бір ер адам мен оның вирус жұқтырып алған қызы жағдайды қиындатып жібереді…
«Карантин» (Quarantine)
Режиссер Джон Эрик Даудлдың «Карантин» фильмі 2008 жылы прокатқа шықты. Басты рольдерде Дженнифер Карпентер мен Джей Эрнандес ойнайды.
Тележурналист Анжела Видал мен оның операторы Лос-Анджелестегі өрт сөндіру бөлімінің түнгі ауысымы туралы репортаж жасамақшы болады. Олар өрт сөндіруші Джэйкпен және оның әріптесімен бірге көмек сұраған тұрғын үйге барады. Бір қызығы, мұнда өрт шығып жатқан жоқ. Тұрғындарды жоғарғы қабаттағы кемпірдің үйінен естіліп жатқан қорқынышты дыбыс алаңдатқан екен. Басты кейіпкерлер тұрғындарға көмектесу үшін әлгі пәтерге кіргенде бұларға құтыру ауруын жұқтырған кемпір тап беріп, тістей бастайды. Бұл жағдайдан кейін билік өкілдері тұрғын үйді карантинге жабады. Карантиндегі үйде қалып қойған журналистің жағдайы не болатынын фильмнен көріңіздер.