Министрдің айтуынша, науқастармен қарым-қатынаста болған 1 899 адам стационарда жатыр, 3 500-ден астам адам үй карантинінде.
Дәурен Абаев Қазақстан азаматтарын карантин режимін қатаң сақтауға үндеді. Себебі елде коронавирустың бір түнде 40-тан астам адамнан анықталуы — алаңдататын жағдай. Вирустың таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр. Министр Италияда бір түнде 969 адам қайтыс болғанын мысалға келтірді.
Коронавирус әсіресе жасы үлкен адамдарға қауіпті. Олардың ішінде атамыз бен әжеміз, анамыз бен әкеміз бар. Өзіміз үшін қорықпасақ та, ең болмаса, сол үлкендерімізді ойлайық. Кей адамда ауру белгісі бірден білінбеуі мүмкін. Ондай адам үйде отырмаса, өзі білмей, адамдарға ауру жұқтырады. Осылайша ондаған отбасының обалына қалуы мүмкін. Қазіргі кезде вирусқа қарсы ең тиімді күрес — карантин режимін сақтау, — деді Дәурен Абаев.
Министрдің мәліметінше, ел азаматтары әлі де болса жағдайға ерекше мән бермей отыр. Бұған 27 наурызда карантин тәртібін бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылғаны, оның 74-і қамауға алынғаны мысал.
Дәурен Абаевтың айтуынша, азаматтардың үйде отырмай, енгізілген тәртіпке бағынбауы науқастар санын одан әрі көбейтіп жіберуі мүмкін, ауруханада науқастарға орын жетпей қалуы мүмкін
Министр карантин режимі салдарынан жұмыссыз қалған азаматтарды сабырға шақырды. Мемлекет әр азаматқа көмек береді.