Бұл туралы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасы Людмила Бюрабекова Денсаулық сақтау министрлігі ресми өкілі Диас Ахметшәріпке берген сұхбатында айтты.

Қазір Қытайдан сатып алған тест жүйесін қолданып жатырмыз. Олардың саны жеткілікті. Жақында 60 мың тест алдық, келер аптада тағы 150 мың тест жүйесін сатып аламыз. Оларды елге шетелден келген адамдарды және вирус жұқтырған азаматпен жақын араласқан адамды тексеруге пайдаланамыз, — деді Людмила Бюрабекова.

Оның айуынша, азамат үй карантинінде жатса, кейінгі 14 күнде шетелге бармаса және індет жұқтырған адаммен байланыста болмаса, бұл тестіні қолдану міндетті емес. Өйткені бұл — індет белгілері бар болғанда ғана пайдалануға арналған диагностикалық тест. Тест нәтижесі 12 сағатта дайын болады.

Людмила Бюрабекова. Фото: Informburo.kz

Елге экспресс тест жеткізетін бірнеше демешуіміз бар. Мұндай тестілердің алғашқы партиясы осы аптада келеді. Экспресс тестілеу «Олимп» лабораториясы базасында өткізіледі. Бұл тест індетпен қатты ауырып жатқан немесе аурудың жеңіл түрін өткен пациенттерде антидене бар-жоғын анықтайды, — деді төраға.

Экспресс тестіден диспансерде, әсіресе созылмалы тыныс алу ауруымен ауыратындар есебінде тұрған азаматтар, медицина қызметкерлері, 18 жасқа дейінгі балалар мен егде жастағы адамдар өте алады. Бұл тестіден өту ақылы.

Людмила Бюрабекова медицина мекемелерінің карантинге жабылуы туралы да түсінік берді.

Елдегі барлық аурухана карантинге жабылғаны рас. Онда келушілерге кіруге тыйым салынған. Бұл мекемеде емделіп жатқан пациенттер мен келушілерді қорғау үшін қажет. Медицина мекемелеріне пациенттер жоспарлы емдеуге жатқызыла береді, бірақ олардың саны қаралады. Төтенше жағдаймен түскен пациент ауруханаға еш кедергісіз жатқызылады, — деді төраға.

Жақында әлеуметтік желіде Roche компаниясының коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқаны туралы ақпарат тараған еді. Людмила Бюрабекова бұл ақпараттың жалған екенін айтты.

Roche компаниясы диагностика және түрлі ауруды емдеумен айналысады, әлемде дәрі шығарудан көш бастап тұр. Бірақ вакцина әзірлеумен және оны өндірумен айналыспайды. Компания вакцина ойлап тауып, оны жеткізіп беруге, соның ішінде Қазақстанға да жеткізуге әзір екені туралы ақпарат жалған, — деді Людмила Бюрабекова.