Дәурен Абаев: Коронавирусты анықтайтын тест тегін болады

Министрдің мәліметінше, мемлекет жуық арада тағы 250 мың тест сатып алады.

Таяу күндері бізге 150 мың тест түседі, қазір келісімшарттар бекітіліп жатыр. Тағы 100 мың тест демеушілер есебінен алынады. Тест халыққа тегін жүргізіледі, — деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстандағы Ұлттық сараптама орталығы Қытайда жасалған тест-жүйелерді пайдаланады. Олардың сапасы жақсы, коронавирус инфекциясын дәл әрі тиімді анықтайды.

Дәурен Абаев карантин режиміне түсіністікпен қарап жатқан Қазақстан азаматтарына алғыс айтты және қоғам мүшелері қойып жатқан сауалдарға жауап берді.

Бізден «Ауру жұқтырғандар арасында министрлер, вице-министрлер сияқты жоғары лауазымды шенеуніктер бар ма?» деп сұрайды. Халық денсаулығы туралы кодекстің 95-бабы бойынша мұндай ақпарат дәрігер құпиясы болып есептелетінін айтқым келеді. Біз оны жария етуге құқылы емеспіз, оның үстіне, кім ауырып қалғаны маңызды емес шығар, бастысы — бәрінің аурудан жазылғаны, — деді министр.