Бірқатар шара мен уақытша шектеулер белгіленді. Оларды орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады (ӘҚБтК-нің 476-бабы – 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу). Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін түсіндіреміз (ҚК-нің 379-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыруға дейін ). «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 90-бабы бойынша азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексеруден және емделуден өтуге міндетті, — деді Болат Дембаев.
Бас прокурордың орынбасары Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен стационар және үй карантині енгізілгенін еске салды.
Оларды іске асыру мақсатында уәкілетті органдар эпидемиология жағдайы қолайсыз елдерден келген адамдарды анықтау, оқшаулау және емдеу бойынша шараларды қамтамасыз етеді. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді тұрғындар және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар орындауға міндетті. Алайда карантиннен жалтару, шетелге шығу туралы мәліметті және байланыста болған адамдар туралы ақпаратты жасыру фактілері бар, — деді Бас прокуратура өкілі.
Болат Дембаев халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды, оларға инфекцияны анықтау мен алдын алуға көмек беруді сұрады.
Полицияның осындай талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделгенін атап өтеміз (ӘҚБтК-нің 667-бабы — 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамаққа алу). Сонымен бірге санитария-эпидемиология қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитария ережелері мен гигиена нормаларын бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауаптылық белгіленген. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін, — деді ол.
Болат Дембаевтың айтуынша, мұндай әрекеттер абайсызда адамдарға жаппай ауру жұқтыруға немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін).
Сонымен бірге ол шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатуға берілмеуге үндеді.
Жағдай туралы рас ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.