2020 жылдың 11 наурызында Нью-Йорктағы алқабилер соты продюсер, бизнесмен Харви Вайнштейнді 23 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Тағылған айып ауыр — секс қылмыс һәм жыныстық зорлық. Сот «күдіктінің 2013 жылы киноиндустрияға енді келген актриса Джессика Маннды зорлағаны және 2006 жылы қол астында қызмет еткен Мими Халейді жыныстық қатынасқа түсуге итермелегені дәлелденді» дейді.

Харви Вайнштейн
Харви Вайнштейн. Фото: Insider.com

О баста тағылған айып бұдан әлдеқайда көп еді. Оның біразы сотқа жетпеді, кейбірін дәлелдеу мүмкін болмады немесе мерзімі өтіп кеткен оқиғалар болып танылды.

Харви Вайнштейн жайында ел неге сонша шулап кетті дер болсаңыз немесе осы уақытқа дейін ол жайында естімесеңіз, заманында «Голливуд Құдайларының» бірі саналған продюсердің кім екені һәм оған қатысты оқиғаның қалай өрбігені туралы шолуымызды қабыл алыңыз.

Мыңмен жалғыз алысқан…

1952 жылы дүниеге келген Харви Вайнштейн университет бітірген соң бірден продюсерлікпен айналысады. Басында концерттер ұйымдастырып жүреді, бірақ бала кездегі арманы фильм түсіру еді. Сондықтан 70-жылдардың соңында інісі Бобпен бірігіп, Miramax атты тәуелсіз студия құрады. Miramax атауы ағайынды екеудің ата-анасы — Мириам мен Макстің құрметіне қойылыпты.

Кино саласында Харви мен Боб тәуелсіз жобаларды сәтті жүргізетін промоутер, авторлық фильмдердің фанаттары, жүйеге қарсы шыққан нағыз қаһармандар ретінде белгілі болды.

Осыған қарамастан 80-жылдардың ортасына дейін Вайнштейндердің шағын студиясы «шықпа, жаным, шықпамен» өмір сүрді, себебі көрермен үшін тәуелсіз кино нарығы қызық емес еді. Алайда «ақша, ақша» деп қақылдаған алпауыт студиялардың фильмдерінен шаршаған жұрт 90-жылдардың басында әлдебір мағына, мақсат қуалайтын авторлық дүниелерге бет бұра бастады. Нәтижесінде Miramax «тәуелсіз кино революциясының» көшін бастап, дөй-дөкей компанияларға қарсы күрескен «батырдың» кейпіне еніп шыға келеді.

Pulp Fiction фильмінің промосы
Pulp Fiction фильмінің промосы: Pinterest.com

Miramax бас-аяғы 2-3 жылдың ішінде Reservoir Dogs («Бешеные псы»), Clerks («Клерки»), Pulp Fiction («Криминальное чтиво»), The Crow («Ворон») сияқты өз дәуірінің символына, қазір культке айналған бірнеше фильм түсіріп, «Оскары» бар, «Алтын глобусы» бар, «Алтын пальма бұтағы» бар, әйтеуір, толып жатқан үлкен-кіші жүлделерді қырып алды. Осылайша ағайынды Вайнштейндер артхаус деңгейінен қызыл-жасыл мерекеге толы кино Олимпінің төріне бір-ақ секірді.

Құдіретті көке

1993 жылы Miramax-тың бір бөлігін Walt Disney сатып алады, алайда ортадағы келісім бойынша Боб пен Харви компанияға тағы 12 жыл басшылық етеді. 2005 жылы ағайынды екеу The Weinstein Company студиясын құрып, бөлек шығады.

Қалың көрерменнің оны жете танымайтыны, есім-сойын тек титрдан көретініне қарамастан 90-жылдардың басында танылған Харви көп ұзамай-ақ жеңіс пен табыстың «сенімді өкіліне» айналып, киноиндустрияның ең беделді тұлғаларының бірі атанды. Мұның бір себебін Голливудтағы продюсер қызметінің ерекшелігінен табуға болады: режиссер, сценарист сияқты мамандарға қарағанда фильм продюсері бүкіл түсірілім процесіне тікелей ықпал етіп, айтқанын істете алады.

Гвинет Пэлтроу, Харви Вайнштейн және Кэмерон Диаз, 1999 жыл
Гвинет Пэлтроу, Харви Вайнштейн және Кэмерон Диаз, 1999 жыл. Фото: Theguardian.com

Ол аз уақытта Квентин Тарантино мен Роберт Родригездің атын шығарды; Билли Боб Торнтонды елге таныстарды; 1997 жылы Shakespeare in Love («Влюбленный Шекспир») фильмімен жеті «Оскар» алды; Мадонна, Кевин Спейси, Кортни Лавтан бастап әлем киносының беткеұстарларымен «айнымас» дос болды; ас та төк дастархан жайып, кештер ұйымдастырып, жүздеген, мыңдаған ығай мен сығайды қонақ қылды — қысқасы 25 жылдай уақыт бойы ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған құдіретті продюсер ретінде аты шықты.

Сіз жақсы білетін From Dusk Till Dawn («От заката до рассвета»), Scream («Крик»), Scary Movie («Очень страшное кино»), Le Fabuleux Destin d’Amélie Poulain («Амели»), Gangs of New York («Банды Нью-Йорка»), Kill Bill («Убить Билла»), Inglourious Basterds («Бесславные ублюдки»), Django Unchained («Джанго освобожденный») сияқты толып жатқан танымал фильмдердің артында осы Харви Вайнштейн тұрған еді.

Продюсер Демократиялық партияны қолдады, 2016 жылғы сайлау кампаниясына қаржылай қолдау білдіріп, Барак Обамамен, Хилари Клинтонмен жақсы қарым-қатынаста болды.

Хилари Клинтон мен Харви Вайнштейн
Хилари Клинтон мен Харви Вайнштейн. Фото: Thedailybeast.com

Британ империясы орденінің, Құрмет легионы орденінің кавалері, Дюбуа медалінің иегері атанды, толып жатқан мәртебелі, беделді ұйымдардың мүшесі болды.

2015 жылы Vocativ компаниясы зерттеу жүргізіп, «Оскар» тапсыру салтанаттарында Харви Вайнштейннің есімі 25 рет аталғанын анықтады. Статистика бойынша жеңіске жеткен актерлар сахнада Харвимен бірге Құдайды дәл осынша рет еске алыпты. Ал жалпы жарық көруіне Вайнштейн үлес қосқан фильмдер «Оскарда» 300-ден астам номинацияға ілінген екен.

Айып қалай тағылды?

2017 жылдың күзінде The New York Times басылымы Эшли Джаддтың сұхбатын жариялайды. Әңгіме барысында актриса өзін Харви Вайнштейн зорлағанын айтты. Материал жарық көрген соң The Weinstein Company директорлар кеңесі отырыс өткізіп, Харви Вайнштейнді компаниядан аластатады. Іле-шала әйелі ажырасып кетеді, Америка кино академиясы оны «Оскар» алқасы қатарынан шығарып тастайды, бұл мүше болған ұйымдар «Вайнштейн» деген фамилияны тізімдерінен өшіреді, берілген сый-сыяпат, марапаттар кері қайтарылады.

«Харви Вайнштейн зорлады», «зорламақ болды», «жыныстық қатынасқа түссең, карьера жасауға көмектесемін» деп айтты, «ұнамсыз іс-әрекет жасады», «массаж жасауға мәжбүрледі» деп ондаған актриса мәлімдеме жасайды. Олардың арасында Гвинет Пэлтроу, Анджелина Джоли, Сальма Хайек, Ума Турман сияқты атақты тұлғалар да болды. Барлығы 80-нен астам әйел Харви Вайнштейнге айып тақты.

Мәселен, Джессика Барт «продюсер төсекте жатып күтіп алып, массаж жасап беруді сұрады» дейді. Ал Леа Сейду қонақүй нөмірінде Вайнштейннің күтпеген жерден үстіне секіргенін айтты және түрлі кеште басқа қыз-келіншекті жыныстық қатынасқа түсуге үгіттегенін еске түсірді.

Актриса Леа Сейду
Актриса Леа Сейду. Фото: Screendaily.com

Продюсер бірден кешірім сұрады, әйелдердің көңіліне тиетін ауыр іс істегенін мойындады, тек зорлау туралы айыптарды жоққа шығарды. Сотта өзін «кінәсіз» санайтынын жеткізді және әйелдер интим қатынасқа өз еркімен барғанын айтты.

Адвокаттары Харви Вайнштейнді барынша қорғаштағанына қарамастан алқабилер соты оны 23 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, бірақ бұл Вайнштейннің көрер соңғы құқайы емес. Алда оны 2013 жылы екі әйелді зорлады деп айыптаған Лос-Анджелес соты күтіп тұр. Калифорния прокурорлары бұдан басқа тағы бірнеше істі қарастырып жатыр.

Ұзақ жыл бойы Вайнштейннің айналасында жүрген көмекшілері, қызметкерлері, топ-менеджерлері, серіктестері оның бұл қылығы туралы тіс жармаған, кейбіреуі тіпті көмектесіп отырған. Актерлар, режиссерлер, тағы басқа толып жатқан кино өкілдері білсе де, білмеген сыңай танытқан. Продюсердің құдіретті болғаны сонша, бүкіл медианы тұншықтырып, журналистерге бұл тақырыпта бір ауыз сөз айтқызбай, тыйып тастап отырған, құрбандарды қорқытып-үркіткен, алдаған, ақша төлеген — қысқасы, қолынан келгеннің бәрін істеген.

Сот процесіне келген Харви Вайнштейн
Сот процесіне келген Харви Вайнштейн. Фото: Variety.com

Голливудтың байлығы мен шайлығын ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстаған Харви Вайнштейн ісі алды Голливуд, қала берді бүкіл әлемде үлкен дүрбелең туғызды. Әлеуметтануда секс зорлық-зомбылық көрсетті деп атақты адамдар жаппай айыпталатын, салдарынан белгілі тұлға қуғынға ұшырап, қоңыз теріп кететін жайтты суреттейтін «Вайнштейн әсері» деген термин пайда болды. Ең бастысы — Харви Вайнштейн оқиғасынан соң тараған #MeeToo ұранының аясында бүкіл әлемдегі мыңдаған әйел бұрын-соңды көрген зорлық-зомбылығын әлеуметтік желілерде жариялап, «қылмыс туралы айту ұят емес» екенін іс жүзінде көрсетті.