Ерлан Кукубасов, онкогинеколог:
Эвтаназияға Қазақстан әлі дайын емес. Оның себебі — халықтың менталитетінде, діни көзқарасында және бұл іске рұқсат ететін қандай да бір норматив актінің болмауында. Біздің менталитет көбіне дін негізінде қалыптасқан. Білуімше, кез келген дінде өзін-өзі өлтіруге тыйым салынады. Жақын арада біздің ел эвтаназияға рұқсат бермейді деп ойлаймын.
Өзге елдерде эвтаназия рәсімінің қалай өтетінін нақты білмеймін, тек қандай да бір жаңалық негізінде айта аламын. Әуелі нотариус куәландырған заңды құжат жасалады. Эвтаназия келісімшартына шамасы жетіп тұрса, пациент өзі, олай болмаса, сенімді өкілі қол қоюы керек. Оған қоса, пациент ақыл-есінен толық айырылғаны туралы психотерапевтің шешімі керек.
Пациент комада жатса, арнайы мамандар оның миы өлгенін растауы қажет. Меніңше, мұндай кезде шешімді нотариустың қатысуымен пациенттің ең жақын адамы қабылдайды.
Эвтаназияға рұқсат ететін елдерге барып, өмірімен қоштасатындар бар. Біздің ел азаматтары үшін де бұл — техникалық жағынан мүмкін нәрсе, бірақ өте қиын. Қатты ауырып жатқан адамды басқа елге арнайы тасымалдау керек. Мұндай азаматты тасымалдауға әуе компанияларынан рұқсат алу оңай емес. Елге эвтаназия жасаған адамның денесін әкелу де өте қымбат тұрады. Бұл бір адамға рейске билет сатып алғандай емес, көп ақша керек.
Ерболат Ізтілеуов, маммолог:
Бәрі эвтаназияның қай түрі жайында айтып жатқанымызға байланысты. Оның актив, пассив, ерікті және еріксіз деген төрт түрі бар. Бұл жерде эвтаназияға рұқсат беруді «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп кесіп айту қиын. Оның әр түрін мұқият талдау қажет. Әңгіме пациентке көмектесу, оның халін жеңілдету туралы болып тұр. Гиппократ анты бойынша дәрігер өлтіретін дәрі-дәрмекті ешкімге бермеуге тиіс және өлім жолын көрсетуіне болмайды. Бұл жағдайда дәрігердің эвтаназия ұсынуын пациентті суицидке үгіттеу деп түсінген дұрыс шығар. Эвтаназия медицинаның өзіне қарсы шығып тұр, бірақ әлеуметтану, қоғамдық денсаулық сақтау тұрғысынан қарасақ, бұл ұғымды қабылдауға болады.
Науқасты комада ұстау өте қымбат тұрады. Десек те, эвтаназияға рұқсат ету немесе оны қабылдамау мемлекет дамуына, ми өлімін анықтауға қауқары жететін медицина деңгейіне, адамдардың азаматтық позициясына және эвтаназияға бару қажет немесе қажет емес екенін айыра алатын пациенттің өзіне байланысты. Сондықтан бұл мәселеде даулы сұрақ көп.
Елде эвтаназияға рұқсат етер болса, оның қай түрін, қай жастан бастап жасауға рұқсат екенін, оны ауыр дерттің қай түріне қолданатынын талқылау керек.
Бұл рәсімге адамдар халықтың көбі ұстанатын дінге, елдің әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайына байланысты әртүрлі қарайды.
Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:
Бұл жерде үш түрлі аспект бар. Біріншісі — дәрігер моралі. Дәрігерлер Гипппократ антын беріп, қалай болғанда да адамның жанын алып қалуға серт етеді. Эвтаназия дегеніміз — адамды өлтіру деген сөз. Дәрігер мен эвтаназия — бір-біріне қарама-қайшы түсінік. Құдай бетін әрі қылсын, ең жақын адамыңызды өлімге қияр ма едіңіз? Біреу өлтірем десе, соған келісесіз бе? Екінші аспект — дін жағы. «Мың күн жұмақтан — бір күн тірлік». Науқас адам туыстарының міндеті — үшінші аспект. Олардың мораль жағдайын ойлау керек. Ауыр дертпен жатқан адам өзінің шамасы келмесе, эвтаназия туралы құжатты жақын адамы толтырады. Бұл оған өте ауыр тиеді. Оның үстіне, біреудің тағдырын шешуге кімнің қандай құқы бар? Шетелде эвтаназияға рұқсат етті екен деп бізге де жұрттан көргенді істеуге болмайды. Еліктеудің де шегі бар.
Эвтаназия біздің елде қылмыс саналады, дәрігерлерді қылмысқа итеруге болмайды.
Бір жағынан, «емі жоқ аурумен ауырып, күн сайын қиналып жатқан адам өмірден қиналмай өтсінші» деген жанашырлық бар. Сондай науқастарға арнап хоспис салды. Онда ұйықтайтын, дене ауруын тоқтататын немесе азайтатын дәрі береді.
Түйін:
Дәрігерлердің пікірінше эвтаназия Гиппократ антына қарсы, сол себепті дәрігерлер оны дұрыс рәсім деп қарамайды. Оның үстіне, пациенттің тағдырын шешуге ешкімнің құқы жоқ деп есептейді.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©sabroow)