Алматы облысында көпбалалы ана Динара Жүнісова кәсібін қалай жүргізіп отыр?

Бүгінде «Бастау» дүкендер желісі мен наубайхана жұмысын жандандырып отырған кәсіпкер шаруасын 2004 жылы 200 мың теңгемен бастаған. Әуелі қаражатқа үйінің жанынан шағын дүкен ашып, шаруасын кеңейтуге күш салған.

Бастапқыда кәсіпті ашқан кезде қиын болды. Өйткені айта салу оңай көрінеді емес пе? Бірақ көптен бері жоспар құрып жүргендіктен тәуекелге бардық. Бүгін, міне, жемісін көріп отырмыз. Қиыншылық тудырғаны құжат жинау болды. Белгіленген комиссияның бәрінен ойдағыдай өтіп, «Бастау» дүкені ашылды. Араға 3 жыл салып, наубайхана аштық, – дейді Динара Жүнісова.

Ол қазіргі таңда «Бастау-2», «Бастау-3» атты дүкендер желісін қалыптастырып үлгерді. Кәсіпкер жолдасы Қуатпен Қымбат, Камила, Даяна, Асан мен Дастан есімді бес бала тәрбиелеп отыр. Алғашында көпбалалы ана Динара балаларына арнап  тәтті тоқаштар мен нан өнімдерін үйден пісіріп, тапсырыстарды орындап отырған.

Тұтынушылар тарапынан нан өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Күнделікті астан бастап, үлкен жиындарға дейін дастархан мәзірінің сәні нансыз кірмейтіні де сондықтан деп білеміз. Оның үстіне, нан өнімдері кез келген азық-түлік дүкендерінің сөресінде табылуы тиіс. Осы сияқты сұраныстарды қанағаттандырып, дәмді нан өнімдерін шығаруды мақсат еттік, – дейді кәсіпкер.

«Бастау» наубайхана өнімдері тек Көксу тұрғындарының емес, талдықорғандықтардың да дастарқанынан табылады.

Цех, өнім қоятын орын және нан өнімдерін сақтайтын қойма қарастырылған ғимаратқа 15 адамды тұрақты жұмысқа тартып, түрлі нан өнімін шығарып жүр. Түске дейін ұн иленіп, түстен кейін өнім пісірілсе, тасымалдаушылар таңертеңгілік дүкендер мен үйлерге нан өнімдерін таратып шығады. Осылайша, өндірісі аз уақыттың ішінде кең етек жайған шағын орталықтың жұмысы сапалы өнімімен тез  сұранысқа ие болды. Қазір кәсіпкер күнделікті әзірленген өнімдерін қайда өткіземін деп алаңдамайды. Тұрақты сатып алушылары бар.

Өнімнің сапасы жағынан наубайхана иесі қиналып отырған жоқ. Бір өнім шығармас бұрын оның сапасына мән беру керегі – кәсіпкерліктің мызғымас шарты. Сондықтан сапа сұранысқа сай болу үшін жаңа технология мен техникалық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Жеке кәсіпкер бұл жағын да назардан тыс қалдырмады. Нан өнімдерін пісіретін арнайы техникалар мен пештердің жұмыс процесін үнемі назарда ұстайды. Автоматты жүйеде наубайханада қарабидай нанының төрт түрі, тоқаш, бауырсақ, бөлке нан, батон, таба нан шығарылады.

Алдағы жылы тағы бір дүкен ашсақ дейміз. Оған қоса, наубайхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жұмысты жаңа серпінмен жалғастыру да жоспарда бар. Өз басым ауданымыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне, жұмыссыздықтың азаюына кішкене болса да септігімді тигізіп отырғаныма қуаныштымын. «Еңбек еткен адамның еңсесі биік» демекші, төккен терімнің арқасында абыройлымын. Ұрпақтарымның да жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ешкімге алақан жаймайтын еңбексүйгіш болғанын қалаймын, – дейді Динара Жүнісова.

«Бірінші кезекте, жастар бірін-бірі бағалай білуі керек. Сабырлылықты серік етсе, шаңырақтары шайқалмайды. Сонымен қатар ашудың дұшпан екенін әркез естен шығармағандары абзал». Бұл – өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, үш немере қызығына тоймай отырған жанның жастарға айтар ақылы.