Альцгеймер ауруы — деменцияның ең жиі кездесетін түрі. Деменция дегеніміз — ойлау қабілетінің нашарлауы, ақыл-ойдың кемуі. Альцгеймер ауруы есте сақтау және ойлау қабілетінің дамуын тежейді. Көбіне 65 жастан асқан адамдарда пайда болады.

Бірақ әр оныншы пациентте деменция 65 жасқа дейін басталып жатыр. Мұндай кезде «жасынан бұрын байқалған Альцгеймер» деп диагноз қоямыз, — дейді Жібек Жолдасова.

Альцгеймер ауруының алғашқы белгілері: ұмытшақтық, алаңғасарлық, керек сөзді қолдана алмау. Әрі қарай есте сақтау қабілеті зардап шеге береді. Бір жерді табудан қиналады, бағдарлауы нашарлайды. Науқас өзін және тұратын жерін күтіп ұстай алмайды, ақшаны есептеуден қалады, өзінің жақынын танымайды. Аурудың ең асқынған кезеңінде адам туған балаларын тани алмауы, өз есімін және датаны есіне түсіре алмауы мүмкін.

Мұның бәріне мән беру керек. Өкінішке қарай, адамдар мұндай кезеңді жасы келуімен байланыстырып, емделудің қажеті жоқ деп есептейді, тіпті дәрігерлердің арасында да жасы ұлғайған пациенттің ұмытшақтығына көз жұма қарайтындар бар. Негізінде жас ұлғайған сайын есте сақтау қабілеті керісінше жақсаруы керек. Себебі лексикон кеңейеді, тәжірибе көбейеді, егде жастағылар басқаға қарағанда белгілі бір іске қабілетті келеді. Жасы үлкендер кейбір ақыл-ойды жақсартуға арналған тестілерді де жақсы шешеді, — дейді психиатр.

Үлкен кісі есте сақтау қабілеті нашарлағанын айтса, оны дәрігерге көрсету керек. Альцгеймерді немесе деменцияның белгілі бір кезеңін тоқтату үшін оны ертерек анықтаған дұрыс.

Әлемде Альцгеймер ауруын екі препаратпен емдейді. Бұл дәрілер біздің елде де бар, — дейді Жібек Жолдасова.

Альцгеймер ауруымен ауыратын науқасқа бір адам бас-көз болуы керек. Себебі науқас есте сақтау қабілетінің нашарлауына байланысты дәріні ішкен-ішпегенін білмейді. Салдарынан дәрі ішуді ұмытады немесе тым көп мөлшерде қолданады. Бірінші дәрежедегі ауру адамға өз қажетін өтеудің өзі қиын. Мұндай адам дәретхананы таба алмай қиналады немесе оған бару керек екенін де ұмытады. Сөздік қоры таусылады. Көбіне жалпылама сөйлеп, ойын жеткізуге қиналады, тіпті оған айтылған қарапайым қаратпа сөзді де түсінбей қалуы мүмкін.

Альцгеймердің ең жоғарғы кезеңімен ауыратындар ІІ топтағы мүгедектігі бар адам ретінде тіркелуі керек, бірақ әдетте науқастар Альцгеймерді жасырып қалуға тырысады, — дейді дәрігер.

Альцгеймер ауруының пайда болу себебі өте көп. Нақтысын ешкім айта алмайды, әлі анықталған жоқ, бірақ дәрігерлер адам жасының ұлғаюын, яғни кәрілікті негізгі себептердің бірі деп есептейді.

Егде тартқан сайын адамның Альцгеймер ауруына шалдығу қаупі жоғары. 65 жастан кейін Альцгеймер ауруына шалдығу қаупі 3% болса, онда 85 жасқа дейін әрбір екінші адамның есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ал 100-ге келгенде қауіп 98-99%-ке жетеді. Әрі қарай адамның өмір сүру салтына, тамақтану тәртібіне, күретамыр гипертониясымен және қант диабетімен ауыруына байланысты мидың жұмысы қиындай береді. Мысалы, 50 жастағы адам гипертонияға ұшырап, дұрыс емделмесе, бұл ауруы оның интеллектінің төмендеуіне себеп болады, — дейді психиатр.

Көп қозғалмау, проблеманы шеше алмау, күйзелісті жеңе алмау да қауіпті. Патологиялық үрей, қорқу, орта жастағы адамдардың депрессиясы да Альцгеймер ауруына себеп болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!