«Кәдімгі әңгіме»: блогерлер Baribir Podcast жобасында не талқылайды?

Белгілі блогерлер Дінмұхамед Зиядин, Жалғас Ертай, Ернар Бекенов пен Ербол Серікбай Baribir Podcast жобасын қолға алды.

Дінмұхамед Зиядиннің айтуынша, бұл жоба елді түзеп, тентегін тезге салатын, түйткілді мәселелерді түрткілеп, шешімін тауып жіберетін, әлдебір идеологияны, дәстүр-құндылықты насихаттайтын, артында алпауыт медиакомпания не қолы ұзын инвестор тұрған дүние емес.

Baribir — ара-тұра бас қосып, түрлі тақырыпты талқылайтын қарапайым төрт адамның кәдімгі әңгімесі, сол әңгіменің таспаға түскен нұсқасы. Болды. Идея да солай келді: онсыз да айтып жүрген әңгімемізді түсіріп, бөлісе отырсақ, қалай болар екен, біреу болмаса, біреу ой қосар, пікірін білдірер дедік те, апыр-топыр түсіріп тастадық. Мақсат — көңіл көтеретін контент жасау, ал ол көрген, тыңдаған адамға әсер етіп, білгенін байытып жатса, қандай да бір эмоция тудырса, тек қуанамыз, — дейді ол.

Талқыланатын тақырыпқа қарай алдағы уақытта жобаға спикер қонақтар да шақырылуы мүмкін.

Алғашқы видеода блогерлер әйел құқығы, бала тәрбиесі және патриархал қоғам стереотиптерін талқылады.

Кадрда солдан оңға қарай: Дінмұхамед Зиядин, Жалғас Ертай, Ернар Бекенов, Ербол Серікбай.