«Алға» — қазақ тіліне дыбысталып, отандық кинопрокатқа мемлекеттік тілде шыққан отыз төртінші фильм. Мультфильм отбасымен бірге көруге арналған. Анимациялық фильм желісі бойынша ағалы-інілі эльфтер Иэн мен Барли тролльдер, гоблиндер, гномдар, кентаврлар мен пырақтар мекендейтін таңғажайып әлемде өмір сүреді. Баяғыда олардың әлемі сиқырға толы болған. Ол заман өтіп, енді ғажайып тіршілік иелері ұшақтармен ұшып, автомобиль мініп, қазіргідей өмір сүріп жатыр. Ойда жоқта Иэн мен Барли қайтыс болған әкесінен сыйлық алып, ескі аңыздарда айтылған нағыз сиқырды тауып алмақшы. Сиқыр тасын іздеуге арналған сапар шытырман оқиғаға толы болады. Фильмде Иэн блокнотына жазған жазудың бәрі қазақша жазылады. Disney фильмінде мәтін атаулы алғаш рет қазақшаланып отыр.
Disney компаниясы өнімін қазақша дыбыстайтын дубляж режиссеры Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, фильмді дыбыстауға 20 күндей уақыт кеткен.
Бұл — мен дубляж режиссеры болған оныншы фильм. Фильм ағылшыншадан қазақшаға аударылып, редакцияланған соң аударма шын мәтінмен үйлестірілді. Аударма тілдегі сөйлем кейіпкердің ауыз қимылына сай келуі керек. Осы жұмыстардан соң барып фильм біздің қолға өтеді. Қазақшаға дыбыстайтын адамдарды тек театр және кино актерлары сияқты кәсіби мамандардан іріктеп аламыз. Дауыстың бәрін Disney компаниясы бекітеді, — деді Шах-Мұрат Ордабаев.
Иэнге Заңғар Әбенов, ағасы Барлиге Бәзіл Сұлтанғазы есімді жас актерлар дубляж жасады.
Бір қызығы, «Алғаның» түпнұсқасында Иэнды Том Холланд, қазақшасында Заңғар Әбенов дыбыстады. Том Холланд басты рольді сомдаған «Өрмекші адам» картинасында өрмекші адамды Заңғар Әбенов дубляждады. Ендеше, Заңғарды Томның ресми емес қазақша дауысы деуге болады, — дейді дубляж режиссеры.
2019 жылдың қарашасында шыққан «Мұзды өлке-2» мультфильмінде Абай өлеңінен үзінді оқылады. Disney компаниясы дубляж режиссерынан фильмге ақын өлеңін шынымен қосқан-қоспағанын сұрапты.
«Мұзды өлке-2» фильмінде Абай өлеңдерінен «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл» деген үзінділерді қостық. Мен компанияға Абайдың өлеңі халыққа түгел таныс екенін, солайша ақын сөзі халық сөзіне айналғанын айттым. Disney мұнымызды түсініп, қолдады. «Мұзды өлкеде» оқиға болып жатқан нақты ғасыр, мемлекет белгіленбегендіктен дубляжға аздап еркіндік бердік. «Алғада» америкалықтар бала кезден оқып өскен эльф, гном сияқты ертегі кейіпкерлері болғандықтан, америкалықтардың ұлттық ерекшелігі көрінетіндіктен көркемдік негізді бұзуға болмайды. Десек те, Барли тарихи ойындарға, тарихи жорықтарға қатты қызығатындықтан оның аудармасына батырлар жырынан сөз қостық. Ол сөздерді жыр білетін адам танып жатар, — деді Шах-Мұрат Ордабаев.
2020 жылы Disney компаниясының 7 фильмін қазақшаға аудару жоспарланған. «Алға» — соның алғашқысы. Одан кейін «Мулан», Artemis fowl, «Жан», «Джунглидегі круиз», Michelle against the machines және Raya and the last dragon фильмдері қазақша дыбысталады.
«Алға» мультфильмі — «Болашақ» корпоратив қорының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында кинопрокатқа шықты. Цифр құқығы ашылған соң фильмді ivi онлайн кинотеатрынан көруге болады.