Басты бетЖаңалықтарПрезидент Үкіметке...

Президент Үкіметке цифрландыру бойынша қандай тапсырма берді?

Ақорда сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысы кеңестен бұрын Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыс нәтижесімен, Smart Bridge жобасымен және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасының қызметімен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгеріс әкелуі керек екенін айтып, мемлекеттік органдар мен оларға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құруды тапсырды.

Президенттің айтуынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, қазіргі заманғы жүйелердің қозғаушы күші болуға тиіс, әзірше бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомствоға шашырап, жайылып кеткен.

Big Data технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объектив көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ақпарат технологиясы дамыған заманда мемлекеттік цифр қызметтерді кез келген қарапайым адам пайдалана алуы керек. Сонымен қатар қандай да бір қызмет түрін іске қосар алдында әртүрлі санаттағы азаматтардан құралған топтармен, халықпен кеңесу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Төртінші өнеркәсіп революциясы жобасын кеңейтудің реттеу және ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

Мемлекеттік басқару жүйесінде цифр технологиясын қолдану — бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгеріс қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электрон форматқа көшіру керек. Қазіргі кездегідей құжаттарды қағаз жүзінде де, электрон түрде де дайындап, тапсыруды талап ету дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқасына біртіндеп тыйым салынуы керек, — деді Мемлекет басшысы.

Президент тиісті заңнама актілеріне, мемлекеттік органдардың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгерту енгізу керек екенін айтып, Үкіметке, Парламент палаталары аппаратына, басқа да органдарға осы бағытта толыққанды шараларды қолға алуды тапсырды.

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Оның пікірінше, бұл жұмыста алға жылжу болғанымен ол әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатыр.

Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізіліп жатыр. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметіне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюға тиіс. Президент Әкімшілігіне осыны бақылауға алуды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елді мекендердің кейбірінде интернет болмаса, кейбірінде баяу жұмыс істейтінін және қала мен ауыл тұрғындары арасында бұл жағынан алшақтық бар екенін айтты.

Бұл жай ғана алшақтық емес, бұл — әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифр алшақтығын» реттеуді жандандыруы қажет, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы деректер базасының еселеп артуына қарай тиісті инфрақұрылым мен сервис дайындау қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, еліміз шетелдік технологияларға әлі де тәуелді. Сондықтан Президент Үкіметке Astana Hub, «Алатау» технопарктері мен Назарбаев Университеті кәсіпорындарының әлеуетін IT-жобалар әзірлей алатындай етіп арттыруды тапсырды.

Халықаралық жағдайларды ескеріп, заңнама деңгейінде бәсекеге қабілетті отандық әзірлемелерге басымдық бере отырып, сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Бұл ең әуелі мемлекеттік секторға қатысты. Сол себепті Үкіметке цифр жобаларын келісу рәсімдерін жеңілдету жөнінде ұсыныс беруді тапсырамын. Біздің заңнамаларда база әдістер бекітілген. Сонымен қатар венчур қызметін түгел тәртіпке келтіру мен ынталандыру мәселесін де ойластыру қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ақпарат ресурстарын және жалпы «цифр дербестігін» тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, бұл мақсатта ақпарат қауіпсіздігінің 10 жедел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет және ақпарат қауіпсіздігі мамандығы бойынша білім беру гранты санын кемі 2 мыңға дейін арттыру керек.

Мемлекет басшысы цифрландыру саласына жауапты вице-министрлер мемлекеттік аппараттың жұмысына оң өзгеріс әкелуі керек екенін және экономикада, басқа да салаларда цифр реформаларын қолға алуға тиіс екенін айтты.

Олардың міндеті — реформалар мен өзгерістерді іске асыру, күнделікті жұмыс емес. Осы ретте мемлекеттік органдарда цифрландыру офицері лауазымын енгізу керек. Жергілікті жерлерде әкімнің нақты бір орынбасарын цифрландыруға жауапты етіп бекіту қажет. Олар Цифрлық даму министрлігімен тығыз жұмыс істеуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.