Бэлла Орынбетова, журналист, блогер, Respublika қозғалысының белсендісі:
Қазақстанда министрлердің, әкімдердің, жоғары шенді қызметкерлердің ішінде әйелдердің аз болуы бірнеше факторға байланысты деп ойлаймын. Біріншісі — «байтал шауып бәйге алмас» дейтін менталитет. «Қыз жат жұрттық» деген көзқарастың өзі қыз баланы кішкентайынан отбасының «ішкі саясатынан» алыстатады. Бұл көзқарас тек отбасы деңгейінде емес, жалпы қоғамдық санаға да өткен.
Өкінішке қарай, әйел құқығы бізде әлі де қорғалмай келеді. Ең өкініштісі — бұл жағдайды қоғам норма деп қабылдайды. Әйел абыройы мен қыз намысын еркектер эгосын қанағаттандыратын, популизм арқылы ұпай жинайтын құрал ғана деп түсінеді. Қазақ қызымен шетел азаматы көңіл қосып, ойнап-күлсе, өре түрегелуге әзір. Ал қазақ қызын, әйелін өз жігіттеріміз бен еркектеріміз қорласа, көрмегендей жүре береді. Бұл нәрсе мұндай жағдайдың жиі болуынан емес, мұны қоғам норма деп есептеген кезде болады. Talgo-да зорланған қызға қатысты Қоғамдық сенім ұлттық кеңесіне мүше әйелдердің бірі сол жәбірленушінің өзін айыптапты. Өзара әңгімесінде емес, қоғамға жария түрде! Әйелдерге қатысты надан көзқараспен күреспейінше жағдай өзгере қоймайды.
Екіншіден, біздің билік эшелондарына адамдар меритократия принциптері арқылы келмейді, көп жағдайда жеке тамыр-таныс, туыс қатынастар арқылы келеді. Әйелдер арасында да білімді, білікті, озық ойлы, еңбекқорлығы жағынан ерлерге есе жібермейтін қыз-келіншек жетеді. Алайда олармен «түсінік» бойынша сөйлесу я келісімге келу, мәселені кабинеттерден тыс бейресми жағдайда шешу қиынырақ.
Лауазымды қызметтерге адамды туыстық қатынасын емес, еңбек тәжірибесін, кәсіби білігін ескеріп тағайындаса, Қазақстанда гендер бойынша картина мүлдем басқа болар еді.
Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:
Біріншіден, патриархал қоғам екеніміз ешкімге жасырын емес. Сенат спикерін есептемегенде қазір елдегі ең маңызды деген саяси қызметте ерлер отыр. Билікте де, қоғамда да «Қатын басқарған ел қараң қалады» деген ортағасыр көзқарасын құптайтын азаматтар бар. Сондықтан қоғамдық қатынаста да, саяси жүйеде де еркектер үстемдік ететін елдің Үкіметінде бір ғана әйел министрдің болуы таңғалатын нәрсе емес.
Екіншіден, саясатта жүрген әйелдердің кейбірінің өзі «басшылық қызметке әйелдерден гөрі еркектер икемді келеді» деген стереотип көзқарасты қолдайды және ол ойын ашық айтып та жүр. Мысалы, былтыр тарихымызда Президент сайлауында кандидат болған алғашқы әйел Дания Еспаева осындай пікір айтты. Мұндай ойды саясатта белсенді әйел азаматтардың ұстануы саяси ортадағы патриархал құндылықтарды одан сайын күшейтпесе, әлсіретпесі анық.
Ең бастысы, кез келген салада адамның жынысы мен жасына, ұлтына, шығу тегіне, діни және саяси наным-сеніміне қарамастан қазақстандықтардың бәріне бірдей өз потенциалын дамытуға, кәсіби қабілетін еңбек нарығында тиімді пайдалануға барынша мүмкіндік беретін құндылықтар жүйесін қалыптасыруымыз керек.
Менің ойымша, сонда ғана гендер бойынша жасанды баланс сақтауға тырысудан және әйелдерді «әлсіз жыныс» деп, олардың құқығын шектейтін дискриминация көзқарастан арыламыз.
Жанар Темірбекова, Еуразия технология университетінің ректоры:
Қазақстанда министрлер кабинетінде ғана емес, жалпы билік пен жоғары лауазымды орындардағы әйелдер саны аз. Мұның басты себебі — әлеуметтік стереотиптер мен ғасырлар бойы келе жатқан патриархат құндылықтары. Осы көзқарастардың кесірінен әйелдер қанша жерден білікті болса да, карьерада еркектерге қарағанда көп кедергіге тап болады. Бұл кедергілерді ғалымдар «Шыны төбе» (Glass Ceiling) және «Жабысқақ еден» (Sticky Floor) метафорасы арқылы түсіндіреді. «Шыны төбе» мен «Жабысқақ еден» әйелдердің карьера сатысы арқылы жоғары лауазымға жете алмауын зерттейді. Бұл екі ұғым нені білдіреді?
«Шыны төбе» әйелдердің жоғары деңгейдегі лауазымға жетуде кездесетін кедергілеріне назар аударса, ал «жабысқақ еден» олардың төменгі және орта деңгейдегі кедергілері туралы айтады. Неге «жабысқақ еден» және «шыны төбе?» Себебі әйелдер алға қарай жылжиын десе, оларға қоғамдағы патриархат құндылықтары кедергі болады. Енді бірен-саран әйел сол «жабысқақ еденнен» құтылып, жоғары жаққа шығайын деп өрмелесе де, алдында жаңа бөгет — «шыны төбе» тұрады. Негізі әйелдердің жететін төбесі көрініп тұр, алыс емес, бірақ алдында шыныдан жасалған бөгет бар.
«Мемлекет патриалхал принциптен саналы түрде бас тартпай, ерлерге әдейі басымдық береді» деген пікірмен келісемін. Өкінішке қарай, бұл жағдай барлық елде кездесіп жатады. Әйелдердің көбі гендер бойынша дискриминацияға ұшырап жатқанын да білмейді. Дүниежүзіндегі ғалымдар мен зерттеуші сарапшылар бұл мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібіне қойғызды. Соның арқасында 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарының ішінде (SDG 5 — Gender Equality) гендер теңдігіне жету үшін нақты қадамдар белгіленді.
Осыншалық кең ауқымды проблеманы шешудің негізгі жолдарының бірі — қоғамда үстем болып келе жатқан патриархат құндылықтарына және әлеуметтік стереотиптерге талдау жасап, олардан арылу керек.
«Жабысқақ еденмен», «шыны төбемен» күресуіміз керек. Әрбір әйелді тұлға ретінде танып, олардың карьерадағы, күнделікті өмірдегі жасанды бөгеттерін алып тастап, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік беруіміз керек. «Шыны төбені» шытынатып, сындыруымыз керек.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)