Баспа басшысы Раиса Сайранқызының айтуынша, бұл шығарма Еуропаның кітап көрмелерінде үлкен жаңалық болып, халықтың зор ықыласын туғызған.
Бұл кітапта әр дәуірдегі, әр құрлықтағы ана тағдыры, оның қуанышы мен қайғысы өлең түрінде суреттелген. Автор ана махаббатының қаншалықты терең екенін көрсетеді. Қазір «Мама» өлеңмен жазылған қазіргі заманғы ең танымал шығармалар қатарына кіреді, — дейді Раиса Сайранқызы.
«Мама» кітабын қазақ тіліне Зәуре және Сәуле Батаевалар аударған.
Аударма кезінде мәтіннің түпнұсқаға барынша сай болуына баса назар аудардық. Өлеңдер француз тілінде жазылғандықтан олар әр мәдениетке тән құндылық тұнып тұрған қазына болып шықты. Аудармашы ретінде бізге, әрине, ең басты қиындық ұлттық ұғымдарды сол халықтың мәдени ерекшелігі мен қазақ халқы үшін аса қасиетті ана деген асыл бейнені сақтай отырып аудару болды, — дейді олар.
Раиса Сайранқызының айтуынша, «Мама» 2018 жылы жарық көріп, әлемнің 25 тіліне аударылған.
Бұл жыр жинағы тамаша шумақтарымен ғана емес, Бельгия суретшісі Квентин Гребанның 32 акварель иллюстрациясымен де тәнті етеді, — дейді ол.
Автор Элен Дельфорждың өзі кітабының қазақ тілінде жарық көруіне орай оқырманға арнайы хат жолдады.
«Мама» атты жыр кітабының қазақ тілінде басылып шыққанын көремін деген ойдың өзі мені шексіз қуантады! Өз сөзімнің әртүрлі тілге аударылып, жаңа дыбыстар мен жаңа әуенге ие болып жатқаны — мен үшін керемет сыйлық. Ана туралы жырларымның қазақ тіліндегі «сазын» естуге асықпын. Еңбегімді өз сөзімен байытқан аудармашыға және көп ішінен бізді таңдап, өз қоржынына қосқан баспагерге мың да бір алғыс! — деп жазған ақын.
«Мама» кітабына Steppe & WORLD Publishing баспасының әлеуметтік желілердегі парақшалары (Facebook, Instagram) арқылы және WhatsApp мессенджеріндегі +7 700 246 35 30 нөмірі бойынша тапсырыс беруге болады. Кітап «Меломан», «Мама, почитай» кітап дүкендерінің сөресінде де бар.
Steppe & WORLD Publishing баспасы бұған дейін балаларға арналған «Ақын Қоян», «Груффало», «Қомағай Жұлдызқұрт», «Анна Франктың күнделігі» сияқты кітаптарды қазақ тіліне аударған. 2020 жылы баспа Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын жарыққа шығарды. Қазір «Хәрри Поттер» сериясына кіретін қалған алты кітап аударылып жатыр.