Ақорда сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қытайдың індетті ауыздықтау үшін атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалап, Қазақстанның осы жаһандық деңгейдегі қауіпке қарсы бірлесіп күресуге ниетті екенін айтты.
Осындай қиын сәтте Қазақстан Республикасы Қытай Халық Республикасы басшылығының нақты әрі табанды іс-әрекеттеріне жан-жақты қолдау білдіреді. Төраға Си Цзиньпин айтқандай, бұл — қытай халқының кейінгі жылдары бастан кешіп отырған ең қиын кезеңі. Өмірдің әртүрлі кезеңінде кездесетін осындай ауыртпалықтармен бірлесіп күресеміз деп ойлаймын. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мен нығайту жолында алға қадам баса береміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында қазақ-қытай байланыстарын нығайтудың перспективалары, екі елдің халықаралық аренадағы ықпалдастығы талқыланды.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіз. Сіз былтыр қыркүйек айында Қытайға алғаш рет мемлекеттік сапар шектіңіз. Сол кезде ҚХР Төрағасымен бірге жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы мәлімдеме жасап, қытай-қазақ қатынастарына тың серпін бердіңіздер, — деді Ян Цзечи.