Адамның педофил екенін қалай тануға болады?
Адамның жыныстық зорлық жасауға бейім екенін сыртқы факторлар бойынша анықтауға болмайды. Ең жиі кездесететін жағдай — зорлық-зомбылық жасайтын адамның әріптестер арасынан шығуы.
Зорлық-зомбылық дегеніміз — бір адамның басқамен қарым-қатынас жасауы, басқаның тұлға болу құқығын бұзуы. Статистика зорлық-зомбылыққа балалар мен жастар көп ұшырайтынын көрсетіп отыр. Бұл жасөспірімдердің физиологиялық және әлеуметтік-психологиялық ерекшелігіне байланысты: дене күші аз, психологиялық жағынан осал, әлеуметтік және моральдық жағынан ересектерге тәуелді.
Не себепті педофилия көбіне сырттан емес, баланың туыстары арасынан шығады?
Көп жағдайда зорлық жасауға бейім адам басқаларға үстемдік еткісі келіп тұрады. Өзгені өзіне бағындыру үшін қатыгездікке барады. Зорлаушылардың өте аз бөлігі психикалық ауруға шалдыққан.
Зорлық-зомбылық мүлдем бейтаныс адамдар арасында да, ұзақ уақыт бірге өмір сүретін адамдар арасында да болуы мүмкін. Зорлықты көбіне бала жақсы білетін және сенетін адам жасайды. Мамандардың пікірінше, балаларға қатысты зорлық жасайтындардың 75%-і оның туыстары болып шығады. Көбіне олар баланы бопсалайды, қорқытып-үркітеді, күш көрсетеді. Отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайында бала қауіп пен қорқынышты сезбейді, көбіне көмекке жүгінбейді, зорлық-зомбылықтан және жақын адамдарының сатқындығынан зардап шегеді.
Педофилия құрбандарына мемлекет қандай көмек береді?
Зорлық-зомбылықтың кез келген түрін бастан кешкен әр балаға медициналық, әлеуметтік, психологиялық және заң жағынан көмек берілуі керек. Әлеуметтік қызметкер, психолог пен заңгер зорлық көрген баламен бір мезгілде жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар ата-ана балаға мұндай кезде қолдау білдіре алатын туыстары мен достарының көмегіне жүгінуге тиіс. Ата-ана бала ересектердің орынсыз іс-әрекетін ашық айтып беруі үшін онымен сенімді қарым-қатынас орнатуы керек.
Мұндай жағдайдан зардап шеккен баламен жұмыс істегенде психологиялық көмектің ең қолайлы түрінің бірі ретінде сенім телефонын пайдаланған жөн. Аноним жағдайда бала шынын айтып бере алады, қорықпайды, кез келген жағдайда байланысты үзе салады.
Қазақстанда балалар да, ересектер де қоңырау шала алатын «111» және «150» сенім телефондары бар. Қоңырау шалу тегін және жасырын. Қылмыстық іс қозғалып, барлық маңызды дерек тіркелуі үшін құзырлы органдармен уақтылы байланысу керек. Психологтың көмегіне дер кезінде жүгіну де маңызды.
Бала туыс адамынан зорлық-зомбылық көріп жүргенін қалай білуге болады?
Балалардың көбі зорлық жасаушы туыс адамы болғандықтан немесе өзі жазадан қорыққандықтан мұндай нәрсені жасырады. Көбіне мұндай жағдайды бастан кешкен балалар мен жасөспірімдер өзін қылмыскер сезінеді. Олардың эмоциясы бұзылады: көңіл-күйі негізсіз өзгереді, мазасыздық, күйзеліс белгілері байқалып, суицид жасауға тырысады, көбіне ұйқысы бұзылады, өзінің денесін қабылдай алмайды, невроз симптомдары білінеді, өмірге сенімсіз қарап, оқшауланады.
Мектепке дейінгі жастағыларда мазасыздық байқалады, түнгі ұйқысы бөлініп, қорқады. Жарақаттан кейін күйзеліске түсіп, мінезі өзгереді. Депрессияға ұшырап, үйден кетуі мүмкін. Эмоциясы мен психикасының дамуы кешеуілдейді.
Бастауыш мектеп жасындағылар қорқақ бола бастайды, қорқынышты түс көреді, невроз және жалпы психикалық ауытқу байқалады, агрессия пайда болады. Салдарынан мектепте келеңсіз жағдайларға ұшырауы мүмкін. Гипербелсенді болып, кертартпа мінез-құлық көрсетеді.
Жасөспірімдер депрессияға ұшырап, үйден кетуі немесе суицид жасауы, тәніне зиян келтіруі мүмкін. Бір жері ауырып тұрғандай сезімде болады. Заңсыз әрекеттерге де баруы мүмкін.
Зорлық-зомбылық пен қатыгездікті бастан өткерген балалар мен жасөспірімдерге арналған психологиялық көмектің мақсаты келеңсіз жағдай салдарын мүмкіндігінше түгел жою, мұндай әрекеттерді тоқтату үшін шара қабылдау, жарақаттың баланың дамуына кері әсерін азайту, баланың мінез-құлқында ауытқуды болдырмау, оның қоғамға бейімделуін жеңілдету болуы керек. Бұл жұмысқа профилактикалық, диагностикалық және түзету-емдеу шаралары кіреді.