№1. «Алматыда жер сілкінісі жиі болады»
Алматыға сирек келетіндер мен асфальтіне аяқтары тиіп көрмегендердің айтатын ең бірінші аңызы — жер сілкінісінің жиі болатындығы. Алматы қаласының маңайында жердің жиі «тербелетіні» рас. Алайда, ол адам қорқарлықтай дәрежеде болмайды. Көп жағдайда жердің сілкінгенін алматылықтардың өзі жаңалықтардан көріп-біліп жатады. Сондықтан, оңтүстік астанаға осы себеппен келуге жүрексініп жүргендерге айтарымыз, бекер үрейленесіз. Оның үстіне Сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов бұл аңыз туралы былай дейді:
— Қазақстанның оңтүстік-шығысы орналасқан Тянь-Шань тауларының солтүстігі — Орта Азиядағы ең сейсмоқауіпті аймақ. Оған таң қалуға болмайды, олар болып жатыр, бола да береді. Қуанышымызға орай, соңғы жылдары бұл жерлерде аса қауіпті жер сілкінісі болған емес. Сондықтан, адамдар одан қатты қауіптенбесе де болады. Қазіргі уақытта жердің сейсмологиялық белсенділігі бүкіл әлем бойынша артып келеді. Ол 1995 жылы басталған, шамамен, 2025 жылға дейін созылады. Осыған байланысты біз табиғаттың тосын мінезіне қай жерде болмасын, қай уақытта болмасын дайын болуымыз керек.
№2. «Ағаштар жиі құлайды»
Еліміздің батыс аймақтарының адамдары Алматы туралы осындай пікірде. Бұл аңыздың өршуіне осы жылдың 8 қыркүйегінде болған жағдай да әсер етпей қойған жоқ. Ағаш құлап кетіп, ауруханаға түскен ҚазҰУ студенті туралы хабар барлық арналардан көрсетілген еді. «Апат айтып келмейді».
Алайда, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қаладағы барлық апатты жағдайдағы ағаштарды бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері басқармаға электронды үкімет порталынан барлығы 1 мың 316 өтініш түссе, оның 1 мың 9-ына апаттық ағаштарды кесу туралы келісім берілген. Нәтижесінде 4 мың 464 құлағалы тұрған ағаштар кесіліп, апаттық жағдайдың алдын алу үшін 39 мың 868 ағаш санитарлық кесуден өткізілген; 562 ағаш көшіріліп, 625-інің арасы сиретілген.
Сондықтан, апаттық жағдайлардың алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанынан құлағдар еткізіміз келеді.
№3. «Алматыны су басып кетуі мүмкін»
«Мәншүк Мәметова атындағы №6 су қоймасы толып барады. Егер ол бөгеттен асып кетсе Алматыны түгелімен су шайып кетеді». Ел аузында осындай да сыбыс бар. Бұл аңыз туралы Казгидрометтің климаттық өзгеру және су мәселелері жөніндегі қызметкері, география ғылымдарының докторы, профессор Борис Степанов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтқан екен.
«№ 6 көл ұзақ уақыттан бері бар. Ол мұздықтардың ортасында орналасқандықтан, мұз ерігенде ғана толады. Алайда, ондағы су соңғы екі жыл ішінде жер астындағы мореналарға сіңіп кетіп жатыр. Салдарынан қыста толығымен босап қалады. Жуырда оның апаттық деңгейге әлі жетпегені анықталды» деген ол.
№4. «Алматыда күнде жауын»
Алматының сәт сайын құбылатын ауа райы туралы айтылып жүрген аңыздың шындық таразысы басымырақ. Себебі, бір сәтте қаланың екі басында екі түрлі ауа райы болады. Бұның өзіндік себебі бар: Қала Іле Алатуының баурайында орналасқандықтан, оңтүстігінде теңіз деңгейінен 1500-1700 метр биіктікте, Медеу шатқалында, Тасты аймақта мұздықтардың суық лебі сезіледі. Оның үстіне Алматының климаты континентальді. Ал, жаңбырлы маусым сәуір, мамыр айларында жиі байқалады.
№5. «Аспанда жұлдыздар көрінбейді»
Алматыға келген қонақтардың жиі айтатын сөздерінің бірі. Иә, Алматы аспанынан жерге әне-міне дегенде тамып кетердей болып тұрған жұлдыздарды көру қиын. Оған қаланың жарығы мен тұман кедергі келтіреді. Бұл түнгі Алматыда жұлдыздар көрінбейді деген сөз емес. Жауыннан кейін, тұман сейілгенде аспаннан бірлі-екілі әлсіз жарықты байқауға болады. Ал, егер оларды жақыннан көргіңіз келсе, осы сөздің тура мағынасында жақыннан көре аласыз. Ол үшін Алматының обсерваториясына бару керек. Бұл жерде телескоппен жұлдыздардан бөлек аспан әлемінің өзге де тамашасын қызықтай аласыз. Сонымен қатар жұлдыздарды көргіңіз келсе «Жұлдызды алқапқа» да баруға болады.
№6. «Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді»
Еркін Рақышевтың «Жаралы сезім» фильмін көргеннен кейін көпшілік «Көктөбеге барсам, Алматы алақандағыдай көрінеді» деп ойлап жүр. Олай емес. Көктөбенің салыстырмалы биіктігі — 370 метр. Қаланың ауданы — 682 шаршы шақырым. Бұндай биіктіктен қаланы алақанда тұрғандай, барлық ой-қырын көру мүмкін емес. Тек қаланың сыртынан қарап, тамашалап қайтуға болады. «Көктөбеге» барып, Алматының сұлулығын көргісі келетіндерге біздің редакциядан бір кеңес: Алматының түнгі көрінісі Көктөбеден әдемі көрінеді. Күндіз тұман мен қаланың үстіне көтеріліп кететін түтін бар.
№7. «Көшенің бәрінде апорт өсіп тұрады»
Бұрын Абай, әл-Фараби, Достық көшелерінің бойына апорт алмаларының бағы болған. Ол кезде алмалардың мол беретіндігі соншалықты, көшеден өтіп бара жатқан әрбір адам қалағанынша жеп, теріп алатын болған. Алайда, кеңес үкіметі құлған тұста бақтар қараусыз қалып, талан-таражға түскен. Қазір оны қалпына келтіруге қаланың климаты мүмкіндік бермейді.
№8. «Алматының астында құпия тунельдер бар»
Шындығында, тунельдер тек «28 Панфиловшылар паркінің» астында ғана бар. Оны Николай Долматовтың «Тайны Алматы» деректі фильмінде Вознесен соборының кілтшісі Александр көрсеткен. Ол жерасты жолдар соборды маңайдағы стратегиялық маңызды ғимараттармен байланыстырған. Олар: офицерлер жиналысының ғимараты, қазіргі Ұлттық аспаптар музейі. Екіншісі Достық — Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұрын ол жерде собордың тазалығына қарайтын монах әйелдердің жатақханасы болған. Сталиннің қуғындауынан қашқан Троцкий отбасымен осы жатақханада паналаған.
№9. «Алматыға 1000 жыл емес»
Алматы қаласының 1000 жылдық тарихы бар деп жарияланғанда, көпшіліктің пікірі екіге жарылған еді. Бірі бұл өңірде халықтың ықылым заманнан бері қоныстанып келе жатқанын алға тартса, келесісі 1854 жылы құрылған Верный бекінісінен бері қарай есептеп, алып шаһардың тарихын 162 жылмен шектеген. Ел аузында жүрген осы аңыздар туралы Алматының жасын анықтауға байланысты еңбектеніп жүрген тарихшы, академик Карл Байпақов былай дейді:
— 1000 жыл бұрын бұл жерде қола дәуіріндегі сақ тұрғындарына тиесілі ата қоныс, елді мекен болған. Бұл туралы Бабыр мен Мұхаммед Хайдар жазып кеткен. Ара-жігін ажыратып алайық, әңгіме керуен сарай немесе ауыл туралы емес, Ұлы Жібек жолы бойынан қоныс тепкен, қала мәртебесін иеленген қала туралы болып отыр. Өйткені бұл жерде 162 жыл бұрын да, 1000 жыл бұрын да, 3000 жыл бұрын да адамдар болған. Бірақ әңгіме – қала турасында. Тұрғылықты халық саны белгілі бір межені бағындырған, топография дамыған, саудасы мен өнеркәсібі бар, қолөнер бұйымдарын өндіретін, қала белгісі деп, міне, біз ең алдымен осыларды айтпаймыз ба?
Ал, Верныйдан бастап есептейтіндерге айтарым, арғыдағы зерттеушілерді айтпағанда, бергідегі Алматыны зерттеу ісінде Шоқан Уәлиханов көп із қалдырған. 1866 жылы ол Верныйда болған сапарында: «Айтылып, жазылып жүргендей Верный қаласы тақыр жерде пайда болмаған. Ол бұрыннан орныққан қазақ ауылының, қазақ елді мекенінің жанынан құрылған. Верный қаласының өзегі нақ сол елді мекеннің кіндігіне байланған» деп айтып кеткен. Екінші дәлел — 1979 жылы қазба жұмыстары кезінде табылған дирхемдер. Оларда «Алмату» деген жазу бар. Бұл монеталар 8 ғасыр бұрын жасалған.
№10. «Жергілікті алматылықтар келімсектерді жақтырмайды»
Бұл пікірдің шығуына себепкер — екі жігіттің текетіресі. Бірі — жергілікті Алматылық, екіншісі — басқа қаладан келген. Осыдан бастап жергіліктілер келімсектерді жақтырмайды екен-мыс. Бұл, әрине, әзіл.
«Алматылықтардың сырттан келгендерді ұнатпайтыны» ғылыми тұрғыда немесе статистикалық деректермен расталмаған. Сондықтан бұл секілді алып-қашпа әңгімелерге сенудің қажеті шамалы. Бір айтарымыз: Алматы — қазақтың қаласы, ал қазақтар Қазақстанның басқа қалаларында да тұрады.
Алматы туралы қысқа-нұсқа:
- 1994 жылдан бастап, Алма-Ата атауы Алматы деп өзгертілді;
- 1927-1997 жылдар аралығында Қазақстанның астанасы болды;
- 1981 жылы 19 желтоқсанда Алматының миллионыншы тұрғыны өмірге келді. Ол Бауыржан Қадырсизов;
- Халық саны — 1 млн 722 мың 100 (01.05.2016ж дерек бойынша);
- Орташа айлық — 187 мың 292 теңге;
- Алматыда әлемдегі ең биік мұз айдыны Медеу бар. Биіктігі 1691 метр.
Суреттерді өңдеген: Бекзат Исамбергенов
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.