Президент 1 наурыз — Алғыс айту күні Жамбыл облысының Қордай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келгенін айтты. Ол бұл күні тойлаудан гөрі ауыл тұрғындарымен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуды жөн көрген.
Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сілкіндірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге, елімізге нұқсан келтірді. Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев саясатының арқасында Қазақстанның әлем жұртшылығына беделді, абыройлы, қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде танымал болғанын, ендігі міндет осы жетістіктерді сақтап қалу, оны барынша арттыру екенін айтты.
Президент Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндетін қойды.
Қақтығыс болған жерде ешқашан ешқандай даму болмайды. Бұл — заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары оны дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат — тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ауыл ақсақалдары елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керек.
Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл — ең әуелі кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет, бірақ осындай теріс пікірді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек, — деп Мемлекет басшысы.
Президент тергеу жұмыстары заңға сай жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.
Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл — белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат — қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сай жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, — деді Президент.
Кездесуде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов пен Жамбыл облысының құрметті азаматы Төле Сүгірбай сөз сөйлеп, аудандағы әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешу жөнінде ойларын ортаға салды.
Ұлтаралық татулық — біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қаракемер ауылының спорт кешеніне барып, жас спортшылардың жаттығуын көрді. Болашақ спортшыларға табыс тілеп, оларға доптар мен бокс қолғаптарын сыйға тартты.
Еске салайық, Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік 7 ақпан күні болды. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тапты.