Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты 90 қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевқа сілтеме жасап хабарлады.

Марат Қожаевтың мәліметінше, 90 қылмыстық істің 11-і кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалған.

Бүгінге дейін жүздеген адамнан жауап алынды, оқиғаға қатысқан әр адамның әрекетін анықтау үшін процестік іс жүргізіліп жатыр. Қажет сараптамалар қолға алынды. Іс жүргізудің барлық дәлелі алынғаннан кейін кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады… Қылмыстық іс өте көп, күн сайын қозғалған қылмыстық іс саны көбейіп жатыр, қазіргі кезде түрлі эпизод бойынша 90 қылмыстық іс қозғалды, — деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысты іс бойынша ұсталған адамдардың саны нақтыланып жатыр.

Полиция қызметкерлеріне бағынбай, жанжал шығарған үш адам ұсталды, іс сотқа жіберілді. Оқиғаға себеп болған тағы бір жайт — қарияны ұрып-соғу бойынша да кінәлілер анықталды, ұсталды, қамауға алынды. Жанжалға итермелеушілер мен басқа да арандатушылар туралы ақпаратты жуық арада береміз, — деді Марат Қожаев.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, ұсталғандар арасында құқық қорғау органы қызметкерлері жоқ.

Еске салайық, Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздік 7 ақпан күні болды. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, 200-ге жуық адам зардап шекті. Полицияның алдын ала мәліметінше, жаппай тәртіпсіздікке көлік жолында тұрғындардың бір-бірін өткізбеуі, кейін олардың бірқатарының тәртіп сақшыларына қоқан-лоқы көрсетуі және азаматтардың сол видеоны әлеуметтік желілерде таратып, бүлікке үгіттеуі себеп болды.