ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2019 жылғы маусымда атыс қаруын жеткізудің заңсыз халықаралық арнасының жолын кескен.
Заңсыз айналымнан үш «Калашников» автоматы, үш гранатаатқыш, екі жауынгерлік граната, 14 тапанша, 1700-ден астам патрон мен қарудың басқа да керек-жарағы тәркіленді, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Алматы облысы мен Алматыда тұратын 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ішкі істер органы қызметкерінің қылмысқа қатысу фактісі анықталған.
Лауазымды адам ҚР ІІМ балансында тұрған оқ-дәріні ұрлаған, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар ҰҚК мамандары қару құрастырумен айналысқан жасырын шеберхананың әрекетін де тоқтатқан.
2020 жылғы 27 қаңтарда Алмалы аудандық сотының үкімімен сотталушылар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.